Қоғам дамыған сайын кәсіподақ саласына қойылатын талап та артып келеді. Еңбек адамының құқығын қорғау, әлеуметтік әріптестікті нығайту, ақпараттық кеңістікте кәсіподақтың беделін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Осы бағытта ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің жетінші легі өз жұмысын сәтті қорытындылады.
Онлайн форматта өткен білім беру бағдарламасына еліміздің әр өңірінен кәсіподақ саласының мамандары қатысып, өз тәжірибелерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Аталған оқуға Қостанай облысы Кәсіподақтар орталығының PR-маманы Айгерім Жаилғанова да белсенді қатысып, кәсіби біліктілігін арттырды.
Қорытынды онлайн-кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталин қатысып, кәсіподақ қызметкерлерінің заман талабына сай білім мен дағдыны меңгеруінің маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек адамдарының мүддесін қорғау және кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы рөлін күшейту – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Оқу барысында қатысушылар еңбек заңнамасындағы өзгерістермен танысып, әлеуметтік әріптестіктің жаңа бағыттарын талқылады. Сонымен қатар кәсіподақ ұйымдарының ақпараттық жұмысын жетілдіру, қоғаммен тиімді байланыс орнату және цифрлық технологияларды пайдалану мәселелері кеңінен қарастырылды.
Білім беру бағдарламасының тағы бір ерекшелігі – тәжірибелік бағыттың басым болуы. Қатысушылар нақты мысалдар арқылы кәсіби машықтарын шыңдап, өзара пікір алмасты. Бұл өз кезегінде кәсіподақ саласындағы мамандардың заманауи талаптарға бейімделуіне жол ашты.
Бағдарлама соңында қатысушылар ұйымдастырушылар мен спикерлерге алғыстарын білдіріп, мұндай оқыту курстарының маңызы зор екенін атап өтті. Олардың айтуынша, алынған білім мен тәжірибе алдағы уақытта кәсіподақ жұмысын жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізбек.
Диана Алмасқызы
