Қостанайда Ғ. Қайырбеков атындағы №9 мектептің 40 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Мерекелік іс-шараға мектептің әр жылдағы түлектері, ардагер ұстаздар, бұрынғы және қазіргі мектеп басшылары, ата-аналар мен қонақтар қатысты. Бұл күн білім ордасының өткені мен бүгінін байланыстырып, талай жылдық еңбектің нәтижесін көрсеткен ерекше кездесу болды.
1986 жылы негізі қаланған білім ұясы алғашында орыс мектебі болып ашылып, кейін аралас мектепке айналды. Уақыт өте келе мемлекеттік тілде білім беретін іргелі оқу орны ретінде қалыптасып, өңірдегі беделді мектептердің біріне айналды. Осы жылдар ішінде түлеп ұшқан шәкірттері еліміздің түрлі саласында жемісті еңбек етіп жүр.
Салтанатты жиында мектеп директоры Әсемхан Молдахалықов сөз сөйлеп, мектептің арғы-бергі тарихына, жетістіктеріне, алдағы жоспарларына тоқталды. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен мектеп заман талабына сай жаңартылып, оқушыларға барлық қажетті жағдай жасалған.
«40 жыл тек уақыт өлшемі емес. Бұл — бірнеше буын ұстаздардың еңбегі, мыңдаған шәкірттің өмір жолы. Осы жылдар ішінде мектебіміз талай жастың үлкен өмірге қадам басуына себепші болды. Білім ошағынан 18 үздік аттестат иегері, 23 «Алтын белгі» иегері, 1 «Күміс белгі» иегері түлеп ұшты. Ол — ұстаздар мен оқушылардың бірлескен еңбегінің нәтижесі», — деді директор.
Мерекелік кеште мектептің алғашқы директоры Сергей Архипкин де сөз алып, оқу орнының алғашқы қалыптасу кезеңдері туралы естеліктерін бөлісті. Ол мектептің алғаш ашылған уақытындағы ұстаздар еңбегін ерекше атап өтті. Ардагер ұстаздар – Рысты Бралина мен Майкамал Керейбаева да көпшілік алдында сөз сөйлеп, мектеп өміріндегі есте қалған сәттерді еске алды. Ұстаздардың жылы лебізі мен ақ тілектері кештің мазмұнын аша түсті.
Мерекелік бағдарлама аясында көпшілік назарына оқушылар мен мұғалімдер дайындаған концерттік қойылым ұсынылды. Жас дарындар ән айтып, би билеп, мектеп өмірінен көркем көріністер сахналады. Мектеп гимні орындалып, көпшілік ерекше ықыласпен қабылдады.

Мектеп ауласына киіз үй тігіліп, ұлттық дәстүрді насихаттайтын көрме ұйымдастырылды. Қонақтарға дастархан жайылып, қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды. Кештің есте қалған ерекше сәттерінің бірі түлектердің мектеп ауласына 40 түп ағаш егуі болды. Бұл бастама түлектердің ұшқан ұясына деген құрметінің белгісіндей әсер қалдырды.
Ғ.Қайырбеков атындағы №9 мектептің 40 жылдық мерейтойы — бірнеше буынның басын қосқан, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты нығайтқан мазмұнды іс-шара болды. Кешке қатысқан көпшілік мектептің өткен жолын еске алып қана қоймай, оның алдағы дамуына сәттілік тіледі.
