Бүгін – Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске 81 жыл. 9 мамыр мерекесі Қостанайда жылдағыдай Жеңіс саябағынан басталды. Қаланың қара орман халқы майдангерлерге тағзым жасау үшін мәңгілік алау түбіне жиналды.
Іс-шаралар легі «Батырларға тағзым» аталған гүл шоғын қою салтанатымен басталды. Облыс, қала басшылығы өкілдері саябақ кіреберісінен шеруді бастап, нөпір жұртшылық қостап, алаңдағы басты ескерткіш алдына аялдады. 

Ардақты ардагерлер – Қасымхан Алдабергенов, Михаил Подоляков және Ділдәбек Нұрышевті арнаулы көлік басты алаңға әкеліп түсірді. Осыдан соң қаумалаған қалың қауымға әсем әуенмен әрленген әсерлі көрініс-қойылымдар көрсетіліп, салтанатты іс-шара басталды. 





Облыс әкімі мерекелік құттықтау лебізін арнап, қан майданның құрбандарына тағзым етті. Сұрапыл соғыстың көзі тірі куәгерлеріне ыстық ықыласын жеткізді.
«Сіздерді ерлік пен елдіктің символына айналған Жеңіс мерекесімен құттықтаймын! Аға буынның майдандағы және тылдағы ерлігі мен еңбегі қайсарлықтың, отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Қостанай өңірінен қан майданға 75 мың адам аттанды. Соның жартысынан көбі туған жерге оралмады. Қостанайда жасақталған 151-ші жеке атқыштар бригадасы кейін 150-ші атқыштар дивизиясына айналды. Олар Еуропаны азат етті, қазақтың әйгілі батыры Рақымжан Қошқарбаевпен бірге Рейхстагта Жеңіс туын қадады. Аталған 150-ші дивизия биыл 85 жылдығын атап өтуде. Бұл жаужүрек бөлімнің даңқы Қостанай облысы үшін ғана емес, Қазақстан мен ТМД елдеріне ерліктің символы болып қалды. 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың қатарында жерлестеріміз – Сұлтан Баймағамбетов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сейітхан Темірбаев, Илья Сьяновтардың есімдері айрықша аталады. Бүгін арамызда ғасырдан асқан Қасымхан Алдабергенов, Ділдәбек Нұрышев, Михаил Подоляков ағаларымыз отыр. Қанекей, ардақты ардагерлерімізге құрметімізді білдірейік!» – деп, жиылған көпшілікті мәртебелі майдангерлерімізге ілтипат көрсетуге шақырды Құмар Ақсақалов.

Бұдан соң Жауынгерлік тақ гирляндасын мәңгілік алау жанына қою рәсіміне кезек берілді. Ізін ала қарт майдангерлер – Қасымхан Алдабергенов, Михаил Подоляков, Ділдәбек Нұрышев және облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаған өңір басшылығы ескерткіш түбіне тағзым гүлін қою рәсімін бастап берді. Одан соң құқық қорғау саласы ардагерлері және өзге де саланың майталман өкілдері, мекеме-ұжым басшылары, сондай-ақ қалың топ лек-легімен келіп, рәсімді ұзақ уақыт жалғастырды.





Осыдан кейін өңір басшысы аяулы ардагерлермен бірге Жеңіс саябағы ішінде орналасқан, өңірімізден шыққан даңқты батырлардың ескерткіштеріне арнайы барып, тағзым гүлін қойды. Ақ дастархан жайылып, ашық-жарқын әңгіме өрбіп, асыл сүйекті ақсақалдар елтұтқа азаматтарға ақ батасын берді.











Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
