Тіл үйрену – заман талабы. Арқалық қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Тілдерді оқыту орталығында қазақтың заңғар ақыны Мағжан Жұмабайұлының 130 жылдық мерейтойы шеңберінде үш тілді жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері» байқауы өтті.
Байқауға қаладағы оқу орындарының 21-35 жас аралығындағы әртүрлі сала мамандары бақтарын сынап, тілді меңгеру деңгейлерін сынға салды. Қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, қазақ тілінде эссе жазу, орыс тілінде мәтінге ілеспе аударма жасау, ағылшын тілінде тапсырмалар орындау. Нәтижесінде байқауға өтінім білдірген жүйріктер ішінен оза шапқан Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектептің химия пәнінің мұғалімі Ақерке Қайыржанқызы бірінші орынға ие болып, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды. Ал, екінші орынды Жастар ресустық орталығының психологі Таңшолпан Сәрсенбайқызы иеленсе, жүлделі үшінші орынды №5 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Елжібек Берікқызы мен Арқалық политехникалық колледжінің сатып алу менеджері Ақберен Ерланұлы бөлісті.
Барлық қатысушы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, байқауға қазылық жасаған Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының Шетел тілі бағдарламасының аға оқытушысы Елтай Хакімұлы мен қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Базар Анасқызы және Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің орыс тілі пәнінің оқытушысы Аида Әлімгерейқызына орталықтың Алғыс хаты мен естелік сыйлықтар табысталды.
Мұрат Жүнісұлы