Қостанай облысында 520 мың шаршы метр үй салу жоспарланды

Қостанай облысында 520 мың шаршы метр үй салу жоспарланды

Жылдың бірінші тоқсанында Қостанай облысында  мың жарымнан астам пәтер пайдалануға берілді. Бұл шамамен 126 мың шаршы метрден асады.  Былтырғы жылдың нәтижесімен салыстырғанда биыл үй салу қарқыны 104,9%-ке жетіп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте белгілі болды.

Баспана құрылысының ахуалы төңірегінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Тілеубаев баяндады. Сала маманының айтуынша, биыл облыс аумағында 520 мың шаршы метр үй салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарының дені Қонай, Береке, Бәйтерек шағын аудандарында жүргізілмек.

«Биыл Бәйтерек шағын ауданында жалпы ауданы 66,4 мың шаршы метрді құрайтын тоғыз қабатты 10 үйдің құрылысын бастау жоспарлануда. Жұмысты келесі жылы аяқтау көзделген. Аталған баспаналар  тұрғын үй заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органның кезегінде тұрғандарға беріледі», – деді басқарма басшысы.

Құрылыс жүріп жатқан аудандар инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуде. Аталған мақсатқа биыл 1,7 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр. Нәтижесінде Қостанай қаласындағы Қонай, Береке шағын аудандарына, Қостанай ауданындағы Астана және Бәйтерек жаңа шағын аудандарына, Рудный қаласындағы 19 шағын ауданға инженерлік коммуникация тартылмақ.

Халықтың баспана мәселесін шешу үшін табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сертификаты ұсынылуда. Тұрғын үй сертификаты ипотекалық несиелердің бастапқы жарнасының бір бөлігін жабуға арналған. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыс орталығында жергілікті бюджеттен 9,1 миллион теңгеге 9 тұрғын үй сертификаты берілді.

Соның екеуін жетім балалар, біреуін көп балалы отбасы, біреуін бюджеттік сала маманы, төрт сертификатты I және II топ мүгедектігі бар азаматтар, қалған бір сертификатты толық емес отбасы иеленді.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті Қостанай облысының ӨКҚ ұсынды