Қостанайда Жеңіс күніне орай ҰОС-ның 3 ардагері мен оларға теңестірілген 574 тұлғаға 44, 1 млн теңге сомасында бір реттік әлеуметтік көмек берілді. Бұл жайында бүгін қала әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде мәлім болды.
Аталған көмек мерекенің құрметіне, жергілікті өкілетті органның шешімімен бекітілген. ҰОС-ның ардагерлеріне тұрмыстық қажеттілік үшін ай сайынғы әлеуметтік көмек үздіксіз көрсетіледі. Оның көлемі 10 АЕК немесе 43 250 теңгені құрайды.
Аталған санатқа теңестірілген тұлғаларға айына 3 АЕК немесе 12 975 теңгеден төленеді.
«Арнайы санаттағы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету үшін 2026 жылы 702, 6 млн теңге бөлінді. Биылғы жылдың 1-мамырындағы жағдай бойынша мұндай көмекпен 4233 азамат қамтылды. Жалпы құны 295, 8 млн теңге қаражат жұмсалды», – деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова.
Белгіленген тәртіпке сәйкес әлеуметтік маңызы бар ауруларға (туберкулез, АИТВ/ВИЧ, онкология, диабет, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі және т.б.) шалдыққан азаматтарға мемлекет тарапынан ай сайын материалдық көмек пен жәрдемақылар қарастырылған. Биылдыққа Қостанай қаласында туберкулезге шалдыққан 93 адам осындай ай сайынғы материалдық төлем алады. Әр азаматқа 10 АЕК есебінде немесе 43 250 теңгеден ұсынылады.
Барлығы 10, 2 млн теңге төленді. АИТВ/ВИЧ дертіне шалдыққан балаларға айына 112 066 теңгеден беріледі.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Василий Васильев
