Ақ жауынның әлегіне қарамай, өнерсүйер қауым достық үйінің алдына жиналды. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов табиғаттың осынау тосынсыйын жақсы бір ырымға балап өтті.

«Бүгін аспанымыз нұрға толып, ырыс жауған күн десек болады. Бұлтымыз да бір жерге тұтасып, еліміздің халқы әрдайым бірлікте болсын деп тұрғандай. Ұлтымыздың ынтымағы арта берсін деп айтқым келеді. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына отыз жыл толып отыр. Мемлекетіміз ашық аспан астында қайрат керген қырандай, елдігіміз, береке-бірлігіміз берік болсын. Елім деген Алаштың арқа сүйер азаматтары көп болғай», – деп табиғаттың селдетуімен қатар ақ тілегін жаудырып жатыр.
Ассамблея төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың құттықтау хатын оқып берді. Жүз отыздан астам этностың іргесі биік болуына ұйытқы болып жүрген азаматтар марапатталды.
Осы тұста Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы кең әрі көпқырлы екенін тағы ұғындық. Сөйтсек, этностардың мәдениетін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтаумен ғана шектелмейтін болып шықты.
Бүгінде Ассамблея тарапынан ауқымды ғылыми-сараптамалық, талдамалық және ағартушылық жұмыстарға қолдау көрсетіп келген. Соның жарқын көрінісі ретінде зерттеулер мен диалог алаңдарында байқалған сарапшылар пікірі және қоғамдық үдерістерді тереңірек түсінуге ықпал ететін жандардың үлесі бағаланды.

Айнар Табылды Сырбай Мәуленов гимназиясының 11 сынып оқушысы. Жетекшісі Абылай Ахметжановпен еліміздің ақша валютасын зерттеп келген. Ол осы еңбегімен диаспора жұмысын ілгерлеткені үшін Алғыс хат иеленді.

«Зерттеу жұмыстары ұлттық валютамен шектелген жоқ. Олардың арасында кезіндегі кеңес өкіметінің құрамындағы өзге ұлттардың да монетасы бар. Архив музейлерде отырып, бұрынғы валютаның халыққа қосқан үлесін талқыладық», – дейді Айнар.
Фестиваль этностардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Кәріс, өзбек, қазақ әндері ашық аспан аясында шырқалды. Әр ұлттың өкілдері жиналғандарға бірлік билерін тарту етті.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Василий Васильев
