Қостанайдағы тағылымды саяхат

Қостанайдағы тағылымды саяхат

Астанадағы бір топ мұғалімдер Ұлы ұстаз туған жеріне саяхат жасады.

Туристік маршрут – қатысушылар үшін терең рухани әрі танымдық мәні бар ерекше іс-шара болды.

Бұл сапар қазақ ағартушылығының негізін қалаған тұлғалардың мұрасын жаңғыртып, олардың тағылымын бүгінгі білім беру үдерісімен ұштастыруға бағытталды.

Сапардың алғашқы нүктесі – Ыбырай Алтынсарин ескерткіші. Мұнда конференция қатысушылары ұлы ұстаздың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Бұл – тек рәсім ғана емес, ұлт ұстазына деген құрмет пен оның ағартушылық жолына деген адалдықтың белгісі болды.

Келесі бағыт – Ыбырай Алтынсарин кесенесі. Кесене басында өткен экскурсия барысында қатысушылар ағартушының өмір жолы, ағартушылық қызметі және қазақ қоғамындағы орны туралы терең мағлұмат алды. Дұға бағышталып, қол жайылды. Кесене – тек тарихи орын ғана емес, ұлттық рухтың символына айналған қасиетті мекен.

Сапар жалғасы Ыбырай Алтынсарин музейі болды. Мұражай экспозициялары арқылы келушілер ұлы ұстаздың педагогикалық еңбектерімен, қолжазбаларымен, сондай-ақ оның өміріне қатысты сирек деректермен танысты. Бұл орын – өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір іспетті.

Сапар аясында ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі – белгілі ыбырайтанушы, ғалым Жақып Қалқаманмен кездесу болды. Кездесу барысында ғалым Ыбырай мұрасының зерттелуі, оның қазіргі білім жүйесіндегі орны туралы құнды ойларымен бөлісті. Бұл пікірлер қатысушыларға терең ой салып, жаңа ғылыми ізденістерге серпін берді.

Маршрут аясында қазақтың тағы бір қос бірдей ұлы тұлғалары – Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынұлы ескерткіштеріне де тағзым жасалды. Олардың ел тәуелсіздігі мен ұлттық білім беру ісіне қосқан үлесі ерекше атап өтілді.

“Астана қаласында 20 сәуірде Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арнап ғылыми конференция өтеді. Соның бастамасы ретінде осы экскурсиясыны ұйымдастырып отырмыз. Ондағы мақсат — Ыбырай туып-өскен, жүріп өткен жерді көру, тағзым ету, Қостанайдағы педагог ғалымдармен тәжірибе алмасу”, — дейді Астана қаласы әкімдігі Әдістемелік орталығының әдіскері Жанар Сейдахметқызы.

Бұл туристік маршрут – тек тарихи орындарды аралау емес, ұлттық сананы жаңғыртуға, педагогикалық мұраны дәріптеуге бағытталған маңызды бастама.

Ұлы ұстаздардың ізімен өткен бұл сапар қатысушыларға рухани күш беріп, заманауи білім беру жүйесінде ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын көрсетті.

blank blank blank blank blank blank

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Қорытындылай келе, “Ұлы ұстаз туған жеріне саяхат” – өткен мен бүгінді байланыстыратын, болашаққа бағыт беретін тағылымды жоба. Мұндай іс-шаралар ұлттық педагогиканың дамуына серпін беріп, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен білімге деген құрметті қалыптастыратыны сөзсіз.

Бота Манет