Баға қалыптастырудағы делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі өңірлік комиссия кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын ең жоғары үстеме баға мөлшерін түсіндірді.
Комиссия құрамына салық қызметі, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет (СЭС), төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД), Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері кірді.
Профилактикалық рейд көтерме және бөлшек сауда қоймаларында, сондай-ақ қаланың Орталық базарында өтті.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс, – деп кәсіпкерлерге Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Әсем Нұрғали хабарлады.
Өз кезегінде көптеген сауда өкілдері орта есеппен үстеме бағаны 6–8%-дан асырмайтынын айтты. Кәсіпкерлерге 2026 жылдан бастап 31 атауды қамтитын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі көрсетілген жадынамалар таратылды.

Сонымен қатар, комиссия мүшелері бизнес өкілдеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін өнімді делдалдарсыз, тікелей өндіруші зауыттардан сатып алуға кеңес берді.
– Талдау барысында біз бес делдалға дейінгі тізбектерді анықтадық, – дейді Әсем Нұрғали. – Биыл жеті делдалдық схема анықталды. Олар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған, алайда кәсіпкерлермен тиімсіз делдалдарды жою бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Біз өнімді тікелей өндірушілерден немесе олардың ресми дистрибьюторларынан сатып алуды ұсынамыз.
Василий ВАСИЛЬЕВ
