Жітіқара ауданында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «Таза аудан» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, кең қолдау тапты.
Игі бастамаға ауданның ұйымдары мен кәсіпорындарының қызметкерлері белсене қатысып, аулалар мен тұрғын үй маңын тазалауға атсалысты.
Акцияның негізгі мақсаты – аулалар мен іргелес аумақтарды ретке келтіру, тазалықты сақтау және тұрғындар арасында ұқыптылық мәдениетін қалыптастыру. Бұл бастама әрбір тұрғынды өз ауласына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Іс-шара барысында қатысушылар аулалардағы қоқыс пен құрғақ жапырақтарды жинап, ортақ пайдаланылатын аумақтарды тазартты, тұрғын үйлердің маңайын ретке келтірді. Нәтижесінде көптеген аулалар тазарып, көріктене түсті.
Мұндай игі істер адамдарды біріктіріп, көршілер арасындағы өзара түсіністік пен жауапкершілікті арттырады. Сонымен қатар, жастарға тазалық пен еңбекқорлықтың маңызын үлгі етеді.
Жітіқаралықтар бұл бастамаға белсенді қатысып, туған жердің тазалығы әр адамның өзінен басталатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
