Қостанайда «AMANAT» партиясының қолдауымен өткен «Ғылым Talks» алаңы академиктер мен бизнес өкілдерін бір үстел басына жинады.
Бұл жай ғана кездесу емес, ғылыми жобаларды нақты табыс көзіне айналдырудың жолын іздеген ашық диалог болды.
Іс-шара инновациялық жобалар көрмесінен басталды. Мұнда құрғақ теория емес, ертең-ақ бизнеске енгізуге болатын дайын шешімдер ұсынылды. Кездесу барысында ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру экожүйесін дамыту және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиын барысында әйелдер кәсіпкерлігі мен ғылымын дамытуға бағытталған бастамалар таныстырылды. 2024 жылы Гүлмира Дамбаулова «Tomiris» бағдарламасының қатысушысы атанып, сондай-ақ партияның Әйелдер қанатын құруға қатысты. Ол – облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚРУ профессоры және өңірлік «Smart-орталықтың» жетекшісі.
Облыс әкімдігі мен Astana Hub қолдауымен жүзеге асқан «ÄYEL AMANATY» жобасы аясында 500-ден астам әйелдің қатысуымен 30-дан астам іс-шара өткізілді. Жоба стартаптарды дамытуға және ғылыми идеяларды коммерцияландыруға бағытталған.
Жоба іске асқан уақыт ішінде 2 стартап енгізіліп, 5 жұмыс орны құрылды, 8 млн теңгеден астам инвестиция тартылды. Сонымен қатар агротехнологиялар мен мал шаруашылығын цифрландыру салаларындағы ғылыми жобалар қолдау тапты.
Кездесудің ең жарқын сәттерінің бірі – қауымдастырылған профессор Әсия Аңсабаеваның келтірілген мысалдары. Ол әлемдік QS рейтингіне кіретін Қытайдың Солтүстік-батыс университетімен орнатылған байланыс пен профессор Вейсин Шанмен бірлескен зерттеулері туралы баяндады. Ең маңыздысы, бұл ғылыми жұмыстар кабинетте қалып қоймай, қазірдің өзінде Қостанай облысындағы «Зуевка» және Ақмола облысындағы «Новорыбинское» секілді ірі шаруашылықтардың өндірістік процесіне сәтті енгізіліп, нақты нәтиже беріп отыр.
«Бүгінде ғылым – аграрлық сектордың басты драйвері. Ол ауыл шаруашылығының тиімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін инновацияларды енгізуге мүмкіндік береді. Біздің зерттеулеріміз климаттық тәуекелдерді азайтуға және ресурстарды оңтайландыруға көмектеседі, бұл сайып келгенде елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі болып табылады», – деді Әсия Аңсабаева.
Қазіргі таңда оның бастамасымен өңірде картоп селекциясы мен оны өсірудің жаңа технологияларын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Панельдік пікірталас барысында «Allur» компаниялар тобы Корпоративтік университетінің басшысы Людмила Олкинян мен «BESTkz» білім және туризм орталығының директоры Гүлмира Қапенова ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстың өзекті мәселелерін қозғады.

Спикерлер инновациялық жобаларды нарыққа шығаруда кездесетін әкімшілік кедергілер мен жүйелік мәселелерді талқылап, университет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейту бойынша нақты ұсыныстар айтты.
«Мемлекет басшысы ғылымды экономиканың нақты секторларымен ұштастыру міндетін қойып отыр. Бүгінгі «Ғалым Talks» алаңы – осы бағыттағы маңызды қадам. Біздің мақсатымыз – ғалымдардың әлеуетін бизнес сұраныстарымен тиімді байланыстыру. Партия алдағы уақытта да инновациялық бастамаларды қолдап, ғылыми жобаларды ілгерілетуге жан-жақты жағдай жасай береді», – деді Алмат Досмұхамедов.
Кездесуді «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов қорытындылап, ең белсенді ғалымдарды марапаттады.
Сандуғаш БЕКМҰРАТ,
ҚӨУ студенті
