Облыс астықты аймақтың өлкесі ғана емес. Яғни, бүгінде Қостанай облысы жер қойнауы бай кен орындарымен, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарымен еліміздің экономикасына елеулі үлес қосып келеді.
Осындай ірі өндіріс орындары мен кен шахталарында үздіксіз еңбек етіп, саланың дамуына өз үлесін қосып жүрген білікті, тәжірибелі мамандардың қатары да аз емес. Сондай жанның бірі жас та болса, жетістігі жақсы «Қашар» кенінің энергетигі – Бақдәулет Сопыбеков. Ол – кәсібіне адал, жауапкершілікті серік еткен еңбек адамы.

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында дүниеге келген жас жігіт 2016 жылы «Серпін» мемлекеттік бағдарламасының арқасында Рудный қаласындағы қазірі Рудный индустриялық университетіне электроэнергетика мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2020 жылы оны сәтті аяқтады. Университет қабырғасында алған білімі оның кәсіби өсуіне мықты негіз болды.
«Еңбек жолым 2020 жылдың қыркүйек айынан басталды. «Қашар» кентіндегі автокөлік тасымалдау цехында жабдықты жөндеу және қызмет көрсету бойынша электрослесарь мамандығымен жұмысқа орналастым. Мұндағы жұмысым автоэлектрлік жүйелермен байланысты болды. Жас, жұмысқа енді ғана орналасып жатырған соң әрине жөн сілтеп, үйрететін тәлімгерлерім болды. Яғни, Ертуған Құдабаев, Мерей Есқабылов сынды ағаларым маған үлкен қолдау көрсетті. Олар қай дұрыс шешім қабылдаудың жолын көрсетіп, жұмыстың қыр-сырын үйретіп, көмектесті», – дейді жас маман Бақдәулет Шералыханұлы.
Жас келсе іске дегендей 2022 жылдан бастап ол энергетиктің уақытша міндетін атқарушы қызметін атқарды. Алты жыл ішіндегі еңбек жолы тұрақты және табысты болды. Қазіргі таңда ол «Қашар» акционерлік қоғамының энергетигі болып жұмыс істейді. Қарамағында жиырмаға тарта адам бар. Ұжым әртүрлі салада қызмет етеді, бірақ негізгі міндеттері – карьердегі жылу құбырларын, энергиямен және электрмен қамтамасыз етуді ұйымдастыру.
«Жұмыстың жауапкершілігі өте ауқымды және маңызды. ТМД елдері ішінде тек Қазақстанда ғана бар арнайы техника Hitachi EH сериялы маркадағы электроқондырғыларға, сондай-ақ КамАЗ, БелАЗ, УАЗ сияқты қосалқы техниканың электр жабдықтарына толық жауаптымыз. Оған қоса, көпірлі кран, порталды кран, кран-балка секілді қауіпті механизмдердің электр бөлігін де қадағалаймыз. Карьердің үздіксіз жұмыс істеуі мен тұрақты өсуі ұжымның жұмысқа қабілетті, шеберлігін арқасы деуге болады», – дейді ол.
Тек жұмыспен кештелмей, кәсіпорынның белсенді қызметкері. Кәсіби біліктілігін арттыру үшін еліміздің көп қаласында болып, семинарларға қатысып тәжірибе жинақтады. Кәсіпорынның әлеуметтік-мәдени іс-шаралараларынан да шеткері қалған емес.
Жеке өмірінде де ол үлгілі азамат. 2021 жылы отбасын құрып, бүгінде жұбайымен бірге Рудный қаласында тұрады. Жұбайы да «Серпін» бағдарламасымен білім алып, Қарағанды қаласындағы университетті тәмамдаған. Қазір екеуі екі бала тәрбиелеп отыр. Үлкені қыз, кішісі ұл.
Еселі еңбектің де қайырымы, бағаланатын тұсы болады. 2023 жылы Бақдәулет үздік қызметкер Алғыс хатымен марапатталды. Қарапайым ауылдан шығып, білім мен еңбектің арқасында биікке көтерілген жас маман үшін бұл де жетістік. Оның табандылығы мен кәсібіне деген адалдығы – бүгінгі жастарға үлгі боларлықтай. Қарапайым ауылдан шыққан жас жігіттің білім мен адал еңбектің арқасында абыройлы қызмет етуі отбасы үшін де мақтаныш екені рас.
Бір жағынан ірі өндіріс орындарында осындай жас, білікті мамандардың көбеюі – еліміздің өндірістік әлеуетінің артуына, экономикамыздың өркендеуіне үлкен үлес қосады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – кейіпкер
