Зияткерлік бәсекеге өңірдің әр аудан-қаласынан жиналған мемлекеттік қызметкерлер қатысып, оқыған кітаптары бойынша білімдерін ортаға салды.
Кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтетін, рухани дамуына ықпал ететін маңызды құрал. Осы мақсатты көздеген жоба мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға серпін беріп отыр.
Облыстық кезеңге қазақ лигасы бойынша 8 команда қатысты. Қатысушылар қатарында басқарма басшыларының орынбасарлары, бөлім басшылары, аудан және қала әкімдіктерінің мамандары бар. Айта кету керек, бұл байқауда Қарабалық ауданы, Рудный және Лисаков қалалары белсенділік танытты.
Байқау quiz форматында ұйымдастырылып, бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар оқыған кітаптарының мазмұны, кейіпкерлері мен негізгі идеялары бойынша сұрақтарға жауап берді. Жалпы, іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Лисаков қаласы әкімінің орынбасары Салтанат Шалдыбаева байқауға қатысу барысындағы әсерімен бөлісті.
– Біздің қаладан екі команда орыс лигасына, бір команда қазақ лигасына қатысты. Команданы өзім бастап келдім. Құрамда жастар бар. Менің ойымша, жастардың есте сақтау қабілеті жоғары, сондықтан соларға сенім артамын. Дегенмен, 15 кітап оқу оңай болған жоқ, – деді ол.
Ол сондай-ақ кітап оқу барысындағы ерекшеліктерді атап өтті.
– Көркем шығармаларды оқу жеңілірек, өйткені кейіпкерлер мен оқиғалар есте жақсы сақталады. Ал философиялық еңбектерді оқу қиындау болды, – деді Салтанат Шалдыбаева.
Жангелдин ауданы білім бөлімінің басшысы Абай Қасымов жобаның маңыздылығына тоқталды.
– Қазіргі интернет дамыған заманда мұндай жобаның жүзеге асуы өте қуантады. Алдағы уақытта ауқымы кеңейіп, деңгейі арта түссе екен деймін. Қатысушыларға ынталандыру ретінде қосымша сыйақылар қарастырылса жақсы болар еді. Соған қарамастан, біздің команда үшінші орын иеленді, – деді ол.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Бегатаров та өз пікірін білдірді:
– Шынымды айтсам, 11 кітапты толық оқыдым. Қалғанын қысқаша мазмұнымен таныстым. Маған ерекше әсер еткен еңбек – Ли Куан Юдің «Үшінші әлемнен бірінші әлемге» кітабы. Бұл шығарма Сингапурдың даму жолын терең түсінуге мүмкіндік берді, – деді ол.
Сондай-ақ ол жобаға қатысты ұсынысын да жеткізді.
– Уақыттың тығыздығына байланысты кітап санын 7–8-ге дейін қысқартса, қатысушыларға ыңғайлы болар еді. Жоба биыл пилоттық режимде өтіп жатыр, – деді Ардақ Бегатаров.
Байқау қорытындысы бойынша қазақ тілді лигада облыстық білім басқармасының «Абай» командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орын Аманкелді ауданының мемлекеттік қызметшілеріне бұйырса, үшінші орынды Жангелдин ауданы білім бөлімінің командасы қанжығасына байлады.
Айта кетейік, жобаға бастапқы кезеңде 480 адам қатысқан. Іріктеу нәтижесінде қазақ лигасына 24, орыс лигасына 54 қатысушы өткен.

Жалпы, «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» байқауы мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін дамытып, олардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
