Арқалықтың оқушылары батырлар жырын жатқа айтты

Арқалықтың оқушылары батырлар жырын жатқа айтты

Ы. Алтынсарин атындағы гимназияда оқушылар арасында «Алпамыс батыр» жырын жатқа айту байқауының мектепшілік кезеңі көрініс тапты.

Байқауға ұзақ уақыт бойы тыңғылықты дайындық жүргізген оқушылар қатысып, жыр додасының көрігін қыздырды. Алдын ала іріктеуден өткен үздік үміткерлер қазылар алқасының алдында өнерлерін көрсетіп, өз мүмкіндіктерін жан-жақты дәлелдеуге күш салды. Үміткерлер жырды жатқа айту шеберлігімен қатар, оның мазмұны мен мағынасына терең бойлай отырып, көркемдік деңгейде жеткізе білді.

Қазылар алқасы қатысушылардың орындау шеберлігіне, тіл тазалығына, көркем жеткізуіне ерекше мән беріп, әділ бағасын ұсынды.

Байқау қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен оқушылар анықталып, жеңімпаздар мадақтамалар және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Бір ескерерлігі алғырлар сайысының басында қазылар алқасы тарапынан оқушыларға үміт сыйлап, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру үшін қаржылай және бағалы жүлделер тағайындалған болатын.

Ақын, ғалым, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің педагогика және филология факультетінің деканы Айбек Қалиев өзінің тағайындаған қаржылай жүлдесін батырлар жырынан 100 бетті жатқа айтқан 8-сынып оқушысы Бияхмет Әжіғалиға салтанатты түрде табыстады.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы Алмагүл Сейітжанқызың жүлдесі 7-сынып оқушысы Шахназ Бақытқалиға ұсынылса, облыстық Дала өлкесі тарихы музейінің басшысы Рауан Абдуллажанұлының атынан тағайындалған сыйлық жас жыршы, 5-сынып оқушысы Әлихан Дүйсенбайға берілді.

«Бұл жыр додасы оқушылардың ұлттық мұраға деген құрметін арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға зор ықпал етті. Осындай қолдаулар мен марапаттар жас өрендердің рухын көтеріп, ұлттық мұраға деген сүйіспеншілігін арттыра түскені анық», – дейді өнегелі іс-шараның ұйымдастырушылары.

Мұрат Жүнісұлы

                                                                                                        Арқалық қаласы