Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы” ҚБ-ның ұйымдастыруымен “Мемлекеттік тілді оқытудың әдіс-тәсілдері” атты мұғалімдерге арналған семинар өтті. Оған орыс тілді мектептерде қазақ тілінен сабақ беретін 50-ге жуық ұстаз қатысты.
Аталмыш ұйымның Қостанай облысы бойынша филиалының төрағасы Заңғар Санайдың айтуынша, осы жолғы өткізілген семинардың өзіндік ерекше тұстары бар.
— Біз бірінші кезекте семинарға “Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығынан арнайы маманды қостық. Ол соңғы уақытта қазақ тілін оқытуда республикалық деңгейде қандай жаңа әдіс-тәсілдер қолданылып жатыр, тың басталамар көп пе деген секілді ақпаратын бөлісті. Сондай-ақ, республикалық байқаудан “Үздік оқытушы” атағының иегері, облыстық “Тілдарын” орталығының әдіскері Гүлмира Талғатқызына біраз мәліметтер берді. Сонымен қатар, басқа да ұстаздар және арнайы мамандар педагогтарға семинарды жоғарғы деңгейде өткізуде мүмкіндік жасады. Бұл жерде әр маман тілді дамытуда, қолдануда өзгеше тәсілдерд ұсынды. Қатысушы тарап өздеріне керекті ақпаратты барынша алды деген ойдамыз. Ескере кететін бір жәйт, облыс бойынша халықаралық қоғамның былтыр алты филиалы тіркелген. Ұйымның облыстан бөлек, екі қалалық және үш аудандық өкілдігі бар. Солардың ішіндегі ең белсендісі Рудный қалалық филиалы деуге болады, — дейді Заңғар Санай.
Семинардың басты мақсаты біреу, ол – мектеп мұғалімдерінің көкжиегін кеңейтіп, қазақ тілін барынша жеңіл әрі тиімді форматта түсіндіруге үндеу. Арнайы мемлекеттік тапсырма болғандықтан жүзеге асырылған семинардың ортақ мүддесі болары анық. Ол жөнінде Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанат Қазыбекқызы баяндап берді.
— Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы филиалының серіктестігімен және біздің бөлімнің тапсырысы негізінде ізгілікті жоба іске асырылды. Қаламыздағы қазақ тілді оқытушылардың жақсы әдіс-тәсілдерді үйренуіне үлкен жағдай жасады. Сол үшін арнайы мамандар тартылды. Қатысушы ұстаздар жақсы әсер алып, білімін тереңдетті. Екі күндік семинарда бірқатар маңызды ақпарат айтылды, — дейді бөлім басшысы.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Рудный қаласы
Суреттерді түсірген автор