Алтынсарин ізімен: Қостанайда өткен жиын жаңа серіктестіктерге жол ашты

Алтынсарин ізімен: Қостанайда өткен жиын жаңа серіктестіктерге жол ашты

 

Қостанайда  ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған салтанатты жиынға италиялық профессор Паоло Капуто арнайы келіп қатысты. Бұл іс-шара Ғылым қызметкерлері күніне де орайластырылған.

Салтанатты жиынды Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті ұйымдастырды.

blank

Ғалымдар мен оқытушылар ұлы ұстаздың Қазақстан ғылымы мен мәдениетіне қосқан үлесі, оның әдебиет, білім және тарих саласындағы еңбектері туралы баяндамалар оқыды. Жиынға шақырылған қонақтар қатарында әр жылдары «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған азаматтар да болды.

blank

Іс-шараның құрметті қонағы Италияның Неаполь қаласындағы университеттің профессоры, аға ғылыми қызметкер Паоло Капуто Қазақстан туралы ойын айтты. Профессор Капуто экономикалық талдау, бизнесті дамыту, маркетинг және интернационалдандыру саласында танымал ғалым. Ол бизнес құру, жергілікті экономикалық даму, экологиялық экономика, дөңгелек экономика, мәдени индустрия экономикасы, ақпараттық технологиялар экономикасы, ойын индустриясы экономикасы бойынша 300-ден астам жобаның авторы.

blank

«Экономиканы кең көлемде қарауға болады. Павлодар қаласында бірнеше ай жұмыс істеп жүргенде Еуропа мен Азия елдері арасындағы аздаған айырмашылықты байқадым. Менің ойымша, біз Қазақстан мен Италия арасындағы көпір бола аламыз. Қазақстанда болып жатқан саяси өзгерістерден де хабардармын, мысалы жақында қабылданған Конституция туралы білемін. Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге сіздің тараптан дайынсыздар ма деп сұрағым келеді», – деді Паоло Капуто.

blank

Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің ректоры Руслан Абдуллиннің сөзінше, Паоло Капуто келер жылдан бастап аталған оқу орнында жұмыс істейтін болады.

blank

«Біздің университет халықаралық қатынастарды одан әрі дамытып жатыр. Желтоқсан айында бізге Малайзиядан қонақтар келсе, бүгін Италиядан қатысып отыр», — деді ол.

blank

 

Ыбырай Алтынсарин музейінің бөлім басшысы Айымгүл Омарқанова ұлы тұлғаның 185 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жоспарын таныстырды.

blank

«Жақында Астана қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы № 83 мектеппен бірлесіп, ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі. Осындай ауқымды іс-шараның бірін Түркияда өткізбек ойымыз бар. Бұл бастаманы «Турксой» халықаралық ұйымы қолдаған. Бірақ әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты оны өткізу мерзімі кейінге қалдырылып отыр», — деді Айымгүл Омарқанова.

blank

Жиын соңында табысты еңбек етіп жүрген оқытушыларға, ізденімпаз студенттер мен оқушыларға облыс, қала әкімінің, ғылым және жоғары білім министрінің атынан марапаттау қағаздары табысталды.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                     БОТА МАНЕТ