Қостанайда қарттар мен мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсетуге 318 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Бұл туралы қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова айтты.
Ведомство үйде әлеуметтік қызмет көрсету өзіне-өзі қызмет көрсету қабілетін ішінара жоғалт-қан қарттар мен мүгедектерге, сондай-ақ объективті себептер бойынша оларға көмек пен күтімді қамтамасыз ете алмайтын туыстары бар адамдарға қатысты жүзеге асырылатынын атап өтті.
– Қарттар мен мүгедектерге күтім жасау жөніндегі бір әлеуметтік қызметкер 8 қарт адамға және 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектерге қызмет көрсетеді, ал мүгедектігі бар және 18 жастан асқан мүгедек балаларға күтім жасау жөніндегі әлеуметтік қызметкер 4-6 балаға қызмет көрсетеді. Әлеуметтік қызметкер көрсетілетін қызметті алушыларға аптасына екі рет 1,5 сағаттан барып, жеке кестеге сай қызмет көрсетеді және 8 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді, – дейді А.Манатова.
Соңғы үш жылда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге қаржыландыру айтарлықтай ұлғайды. Мәселен, 2020 жылы оған 131,5 млн теңге бөлінсе, биыл бұл сома 318,6 млн теңгеге өсті. Жыл басынан бері арнаулы әлеуметтік қызметтермен 342 қарт адам, 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектігі бар 51 адам, 18 жасқа дейінгі және одан жоғары мүгедектігі бар 109 бала қамтылды.
Мамандар бұл қызмет ке мұқтаж жандар көп деп отыр. Бірақ, олардың барлығына қызмет етуге әлеуметтік қызметшілердің физикалық күш пен уақыты жетіспейді.
– Жыл басынан бері бөлімге әлеуметтік қызметкердің көмегіне зәру жандардан 57 өтініш келіп түсті. Осы 57 өтініштің 27-сі кезекте тұр. Яғни, бір әлеуметтік қызметкерге жүктеменің белгіленген нормасы 8 адамнан келеді. Олар басқа адамдарға қосымша қызмет көрсете алмайды. Өйткені, бұл сапасыздыққа әкеп соғады. Алдын ала жүргізілген талдау көрсеткендей, кезектілік айына 1-2 адамға ілгерілейді. Осыған байланысты әлеуметтік қызметкерлер штатын ұлғайту қажеттілігін есептеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, – дейді бөлім басшысы.