Артық салмақ – артық мәселе екені даусыз. Бұрын бұл дерт тек ересектер арасында кең таралып бара жатыр деп дабыл қағатын едік. Ал бүгінде артық салмақ мәселесі балалар мен жасөспірімдер арасында да белең алып отыр.
2022 жылы 5–19 жас аралығындағы 390 миллионнан астам бала мен жасөспірім артық салмаққа шалдыққан. Оның 19%-ы – қыздар, 21%-ы – ұлдар. Бұл көрсеткіштің күн санап өсіп келе жатқаны алаңдатарлық. Мәселенің мәні неде? Онымен қалай күресуге болады? Осы сауалдарға жауап іздеп, №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері, диетолог Құралай Қабдулламен сұхбаттастық.
— Құралай Қайратқызы, балалар арасындағы семіздіктің пайда болу себептеріне тоқталып өтсеңіз…
– Бүгінгі қоғамда балалар денсаулығына алаңдаушылық туғызатын өзекті мәселелердің бірі – семіздік. Оның пайда болу себептері әртүрлі болғанымен, негізгі үш түрін атап өтуге болады.
Біріншісі – алиментарлық семіздік, яғни дұрыс тамақтанбаудан туындайтын түрі. Бұл ең жиі кездесетін себептердің бірі. Баланың күнделікті тамақтану тәртібінің бұзылуы, таңғы асты ішпеу, күндіз немесе кешкі уақытта шамадан тыс тамақтану – ағзаға айтарлықтай салмақ түсіреді. Сонымен қатар, фастфуд өнімдерінің, газдалған тәтті сусындардың, майлы әрі зиянды тағамдардың көп тұтынылуы ас қорыту жүйесінің жұмысына кері әсер етеді. Мұның барлығы асқазан-ішек жолдарының бұзылуына әкеліп, уақыт өте келе қант диабеті, гипертония секілді қауіпті дерттердің пайда болуына немесе сол ауруларға бейімділіктің қалыптасуына ықпал етеді.
Екінші түрі – созылмалы аурулармен байланысты семіздік. Әдетте бұл түрі ересектер арасында жиі кездескенімен, оның салдары туралы айту маңызды. Ағзадағы белгілі бір аурулардың асқынуы зат алмасу процесін бұзып, артық салмақ жинауға себеп болады. Артық салмақ өз кезегінде буындарға үлкен салмақ түсіріп, артроз, артрит сияқты аурулардың дамуына жол ашады. Сондай-ақ асқазан-ішек жолдарына да кері әсер етіп, гастрит, холецистит, панкреатит секілді сырқаттарға әкелуі мүмкін. Ең қауіптісі – дұрыс емес тамақтану салдарынан инсулин алмасуының бұзылып, қант диабетінің туындауы. Майлы тағамдарды шамадан тыс тұтыну қан тамырларындағы холестерин деңгейін арттырып, олардың тарылуына, соның салдарынан гипертониялық аурулардың пайда болуына себеп болады.
Үшінші түрі – эндокриндік семіздік, яғни гормоналдық бұзылыстарға байланысты туындайтын түрі. Бұл жағдайда ағзадағы гормондардың теңгерімсіздігі зат алмасуға әсер етіп, салмақтың артуына алып келеді. Мұндай жағдайлар міндетті түрде дәрігердің бақылауын қажет етеді. Қорыта айтқанда, балалар арасындағы семіздік – тек сыртқы келбет мәселесі емес, ол болашақ денсаулықтың айнасы. Сондықтан әрбір ата-ана баласының дұрыс тамақтануына, күн тәртібіне және салауатты өмір салтын ұстануына ерекше мән беруі қажет.
— Ал артық салмақтан қалай арылуға болады?
– Семіздіктен арылу жолы оның пайда болу себебіне тікелей байланысты. Әр түрінің емдеу тәсілі де әрқалай. Екінші және үшінші, яғни созылмалы аурулармен байланысты және эндокриндік семіздік түрлерінде өз бетінше әрекет ету дұрыс нәтиже бермейді. Мұндай жағдайда тек дәрігердің көмегіне жүгіну қажет. Арнайы зертханалық тексерулерден өтіп, нақты диагноз қойылғаннан кейін ғана тиісті ем тағайындалады. Көп жағдайда бұл медикаменттік емдеу арқылы жүзеге асады. Яғни ағзадағы гормоналдық немесе зат алмасу бұзылыстарын қалыпқа келтірмей, артық салмақтан толық арылу мүмкін емес. Ал ең жиі кездесетін алиментарлық семіздік – ең алдымен отбасы мәдениетіне байланысты мәселе. Баланың денсаулығы – ата-ананың күнделікті дағдысының айнасы. Үйдегі тамақтану тәртібі дұрыс жолға қойылса, бала да соған бейімделеді. Сондықтан күніне үш мезгіл негізгі, екі мезгіл қосымша тамақтану жүйесін сақтау, таңғы асты өткізіп алмау, фастфуд, газдалған сусындар, майлы және қантты тағамдарды шектеу, көкөніс пен табиғи өнімдерді көбейту – басты талаптардың бірі. Көпшілік арасында «ота жасатып, тез арықтауға болады» деген қате түсінік бар. Иә, хирургиялық жолмен сыртқы келбетті уақытша өзгертуге болады. Алайда, бұл ағзадағы ішкі бұзылыстарды толық шешпейді. Негізгі себеп жойылмайынша, мәселе қайта туындауы мүмкін. Сондықтан ең дұрыс жол – кешенді ем мен өмір салтын өзгерту. Біз айтып өткендей, артық тамақтану асқазан-ішек жолдарының қызметін бұзып, түрлі ауруға алып келеді. Демек, семіздікпен күрес – тек салмақ тастау емес, ол – денсаулықты қалпына келтіру, дұрыс өмір салтын қалыптастыру. Сондықтан әр ата-ана баласына тек тоқтық емес, сапалы әрі дұрыс тамақтану мәдениетін үйретуі қажет. Себебі бүгінгі дұрыс әдет – ертеңгі мықты денсаулықтың кепілі.
— Семіздікке тап болмас үшін адам өзін неден шектеуі қажет?
— Семіздіктің алдын алу – күрделі емнен гөрі әлдеқайда жеңіл әрі тиімді. Ол үшін ең алдымен адам өз өмір салтына жауапкершілікпен қарап, қарапайым, бірақ маңызды қағидаларды ұстануы керек. Ең бастысы – уақытылы және дұрыс тамақтану. Яғни күніне үш мезгіл негізгі ас ішіп, екі рет жеңіл қосымша тамақтану ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Таңғы асты өткізіп алмау – денсаулықтың кепілі. Өйткені күнді дұрыс бастау зат алмасу процесін реттейді.
Сонымен қатар, адам өзін ең алдымен зиянды тағамдардан шектеуі тиіс. Атап айтқанда, газдалған тәтті сусындардан, тез дайындалатын фастфуд өнімдерінен, шамадан тыс майлы және қантты тағамдардан бас тарту ләзім. Мұндай өнімдер ағзаға тек артық калория беріп қана қоймай, ас қорыту жүйесін әлсіретіп, түрлі ауруға жол ашады. Керісінше, күнделікті ас мәзірінде көкөністер мен жемістердің үлесін арттыру аса маңызды. Табиғи өнімдер ағзаны қажетті дәрумендермен қамтамасыз етіп, артық салмақтың жиналуына жол бермейді. Дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырған адам артық салмақтан ғана емес, көптеген аурудан өзін қорғай алады.
— Семіздік мәселесімен келген балалармен қандай жұмыстар жүргізіледі?
— Балалар арасындағы семіздік, әсіресе алиментарлық түрі, кешенді әрі жүйелі жұмысты талап етеді. Біздің емханада мұндай балалармен арнайы бағытта жұмыс жүргізіледі. Ең алдымен, бала салауатты өмір салтын қалыптастыруға жауапты мамандардың қарауына жіберіледі. Олар ата-анамен бірге баланың күн тәртібін, тамақтану режимін, қозғалыс белсенділігін саралап, жеке кеңес береді. Бұл тек баламен ғана емес, тұтас отбасының өмір салтын түзетуге бағытталған жұмыс. Сонымен қатар, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру баланың ең ерте кезеңінен басталуы тиіс. Яғни алты айынан бастап қосымша тағам енгізген сәттен-ақ, баланың ас мәзірі табиғи әрі сапалы өнімдерден тұруы қажет. Дүкендегі дайын өнімдерден гөрі, үй жағдайында дайындалған тағамдардың маңызы зор. Анасының ықыласы мен жауапкершілігі осы кезеңде шешуші рөл атқарады. Себебі дәл осы уақытта баланың болашақтағы тамақтану дағдысы қалыптасады. Біздің емханада осы бағытта «Дені сау бала» кабинеті жұмыс істейді. Бұл жерде ата-аналарға дұрыс тамақтану, бала күтімі, салауатты өмір салты жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мамандар әр баланың ерекшелігін ескере отырып, нақты ұсыныстар береді.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА,
ҚӨУ студенті
