Челябі қаласында өткен маңызды кездесу Қостанай мен Челябі облыстары арасындағы кәсіподақтық байланысты жаңа деңгейге көтерді.
Теміржолшылардың Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы ұйымдастырған стратегиялық сессия аясында екі өңір кәсіподақтары арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Атап айтқанда, «Қостанай облысының Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен Челябі облысы Кәсіподақтар федерациясы әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойды. Бұл келісім екі жақтың салалық ұйымдары мен кәсіпорындары арасындағы байланысты күшейтіп қана қоймай, кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыруға да серпін бермек.
Келісімге Қостанай облысының Кәсіподақ орталығының төрағасы Ирина Аронова мен Челябі облысы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Олег Екимов қол қойды. Іс-шараға Ресей Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сергей Черногаев онлайн форматта қатысып, мұндай бастамалардың халықаралық деңгейдегі әріптестікті дамытудағы маңызын атап өтті.
Құжат аясында тараптар еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу, сондай-ақ түрлі кездесулер, семинарлар мен конференциялар өткізу бағытында тығыз жұмыс жүргізуге уағдаласты.

– Бұл келісім – өңірлер арасындағы өзара сенім мен ортақ мүдденің көрінісі. Біз үшін тәжірибе алмасу, әлеуметтік диалогты нығайту аса маңызды, – деді Ирина Аронова.
Өз кезегінде Олег Екимов та әріптестікке дайын екенін білдіріп, кәсіподақ ұйымдары арасындағы тұрақты байланыс ортақ мақсаттарға жетудің басты тетігі екенін жеткізді.

Жалпы, бұл келісім шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың нақты қадамы ретінде бағаланып отыр. Мұндай өзара іс-қимыл еңбек қатынастарын жетілдіріп, екі өңірдің әлеуметтік-экономикалық байланысын одан әрі нығайта түсетіні анық.
Диана Алмасқызы,
ҚӨУ студенті
