Өңірде су тасқыны кезеңінің шарықтау шегі артта қалды. Қауіп-қатер сейіліп, қазір әр аудандағы құтқарушы жасақтар кері шақырыла бастаған. Ерте көктемнен тынымсыз жүргізілген алдын алу шаралары аяқталудың алдында тұр. Бұл жөнінде облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Асхат Қосшығұлов баяндап берді.
Оның айтуынша, тыңғылықты дайындық, жүйеленген жұмыс жемісті болды дей беруге болады. Әсіресе, «қызыл» аймақтағы елді мекендер қызыл су қыспағынан аман өтті. Тұтастай алғанда, өңірде бір де бір үй зардап шекпеді. Облыс кез келген сценарийге сақадай сай отырған еді. Бірақ арқаны кеңге салуға әлі де ертерек. Күш пен қор сақталып, қосалқы жоспарлар бапталып отыр.
«Биылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында 88 шара жүргізілді. 179 тонна жанар-жағар май қоры, 7 мың тоннаға жуық инертті материал, 280 мың дана қап дайындалды. Халық зардап шеге қалса, азық-түлікпен қамтамасыз етуге қажет деп, 173 ниет-шарт жасалды. Эвакуацияланатын тұрғындар үшін аудандарда 104 шатыр, 4,5 мың төсек, 5,6 мың төсек-орын жабдығы бар», – дейді Асхат Қосшығұлов.
Облыста осы күнге дейін 1,4 млн текше метрден астам қар шығарылыпты. Бұған 1,3 млн теңге бөлінген. Жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындарға көп қолғабыс жасалғанын айта кету керек. Мұндай 695 ауланың қары аршылған. Бұған департаменттің аумақтық бөлімшелерінен 704 қызметкер және 344 ерікті жұмылдырылды.
«27 наурызда қаупі бар аумақтарға авиациялық мониторинг жүргізілді. Бағыт Қарасу ауданының Новоселов ауылын, Арқалық қаласын, Жангелдин ауданын (Саға ауылы), сондай-ақ Наурызым ауданының Буревестник ауылын қамтыды. Тексеру барысында гидрологиялық жағдайға, дайындық деңгейіне және қорғаныс инфрақұрылымының жай-күйіне баға берілді. 16–27 наурызы аралығында Арқалық қаласына, Амангелді, Жангелдин, Наурызым, Әулиекөл және Қарасу аудандарына 225 адам, 31 техника және 7 жүзу құралы бар құрама топтар жіберілді», – деп толықтырды ол.
Қысқасы, облыс аумағында төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта гидробекеттердегі су деңгейі шекті деңгейден аспайды, өзендер қалыпты жағдайда. Дей тұрғанмен бес автожолды су басу дерегі тіркелген. Олар үшеуі – облыстық, біреуі – аудандық маңызы бар жол. Бүгінде қатынас қалыпқа түсіп, қадағалауда ұсталып отыр.
Асхат Қосшығұловтың ақпаратына сүйенсек, 7 сәуірдегі жағдай бойынша, жалпы облыстағы ахуал тұрақтанған. Жангелдин ауданын қоспағанда, басқа барлық мобильді топ кері қайтарылды. Ал Торғайдағы арнаулы құрам қазір өзен-көлдерге мониторинг жүргізіп жатыр.
