Бүгін Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған салтанатты концертте облыс әкімі Құмар Ақсақалов қоғамдағы белсенді аруларды марапаттады. Өңірдің нәзік жандыларына құттықтауын жолдады.

“Бұл мейрам – көктемнің шуағымен бірге келетін ерекше күн. Сіздер әлемге жарық нұрын шашып, мейірім төккен ардақты жансыздар. Әйел – отбасының берекесі, шаңырақтың тұтқасы. Ол – жан-жарының сенімді серігі, перзентінің мейірімді анасы, әулеттің ұйытқысы. Әйел жүрегіндегі мейірім мен сабыр – ырыс пен татулықтың басы. Тобыл-Торғай жері де ел тарихында есімдері алтын әріппен жазылған қайраткер аналарымызды әрдайым мақтан тұтады. Әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановқа тәрбие берген Айғаным әже – ел басқару ісіне араласқан көреген де беделді тұлға. Сауатты адам ретінде сыртқы саясатқа да араласты. Нәзипа Құлжанова – қазақтан шыққан тұңғыш әйел мұғалiм және қазақ баспасөзiнде қызмет еткен журналист, релактор, Қазақстандағы әйелдер бiлiмi мен мәдени дамуына үлес қосқан педагог, аудармашы және этнограф. Атақты механизатор, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева – еңбекқорлық пен туған жерге адалдықтың символына айналды. Осы аналарымыз бен апаларымыз ұлтына еңбек етудің, рухани кемелдік пен жоғары адамгершілік қасиеттердің үлгісіне айналды. Қазір біз еңбегімен ерекшеленген нәзік жандарға награда тапсырамыз. Осы орайда жағымды жаңалық бар. Бүгін Ақордада Мемлекет басшысының қолынан жерлесіміз Арқалық қаласындағы «Алтай жер» шаруа қожалығында механикаландырылған токтың меңгерушісі Гүлдариха Өтелбайқызы Алтаева ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталып жатыр. Құттықтаймыз!”, – деді әкім.
Денсаулық саласың ардагері Көпей Малшыбаеваны “Құрмет” орденімен марапаттады. Жоғарғы педагогикалық колледжінің ұстазы Марина Қазкенова мен “Сарыарқаавтопром” компаниясының слесарь маманы Жанымкүл Жұрмағанбетоваға “Ерен еңбегі үшін” медалін табыстады.

Қостанайдағы бұл мерекеге орай атақты “Меломен” тобы аруларымызды құттықтай келді.
Концерттік бағдарлама түрлі өнер ұжымдарының жарқын өнерімен жалғасты. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы жанындағы «BIRLIK» ән және би ансамблі қазақтың «Бастау» биін орындап, ұлттық мәдениеттің көркемдігін паш етті. Сонымен қатар «Мама» әнін балалар хоры орындаса, халық әні «16 қыз» сахна төрінде ерекше ықыласпен қабылданды.
Кештің ерекше жаңалығы – заманауи технология мен өнердің үйлесімі болды. Қазақстан Президенті жариялаған «Жасанды интеллект жылы» аясында көрермендерге алғаш рет цифрлық орындаушы – Айсұлтан жасанды интеллект жобасы таныстырылды. Ол камералық хормен бірге Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін орындап, тың форматтағы шығармашылықты ұсынды.
Концерт барысында Нұрсұлу Құснетова, Зарина Жиентаева, Ермахан Бақдәулет, Жұматай Ахметхан және өзге де өнерпаздар танымал шығармаларды орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ «DosStar» тобы мен балет әртістері қатысқан музыкалық қойылымдар кештің көркін аша түсті.

Мерекелік концерттің арнайы қонақтары – Қазақстан эстрадасының танымал «Меломен» тобы болғанын жоғарыда айттық. Олар «Сүйгенім бол» және «О махаббат» әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
