Демеев кім демесін…

Демеев кім демесін…

Социалистік Еңбек Ері Жансұлтан Демеев есімін аға буын өкілдері жақсы біледі. Ол туралы кезінде одақтық, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде көп жазылды. Өйткені, ол нағыз еңбектің батыры еді.  Өкінішке қарай, соңғы жылдары Социалистік Еңбек Ерінің есімі ұмытылып барады.

Тіпті, ол тұрған үйге ескерткіш-тақта да орнатылмапты. Қостанай индустриалдық-педагогикалық колледжінің оқытушысы Бақытқали Андиров Қостанайда Ж.Демеев есіміне көше атауы берілсе екен деген тілегін жасырмады.

– Жансұлтан Демеевтің даңқы заманында облыстан асып, республикаға, бүкіл одаққа тарады. Мәскеуде шығатын газет-журналдар қостанайлық рекордшы диқан туралы жарыса жазды. Осындай атақты жерлесімізді мәңгі есте қалдыру жағы әлі күнге дейін кемшін түсіп тұр. Оған облыс орталығында тұтас көшенің атын берсе несі мін? Мәселен, Қостанайда Лиза Чайкина атында бір емес, екі көше бар. Мұнша дәріптелетіндей оның біздің өңірге қатысы қандай? Мені осы мәселе толғандырады. Жансұлтан ағаның  бел баласы – Мирашпен Челябідегі механизация, электрофикация және ауыл шаруашылығы институтында бірге оқыдым. Ол  көп жыл өзі туып-өскен “Надеждин” кеңшарында механизатор, бригадир, кейін бас инженер болып еңбек етті. Әттең, әке жолын қуған азаматтың өмірі қысқа болды. Көзі тірі болса осы мәселені өзі көтерер еді. Бұл маған жүктелген аманат сияқты, – дейді Бақытқали Андиров.

Жансұлтан Демеев орта шаруа отбасында дүниеге келген.  Жастайынан небір ауыр кезеңді басынан өткерді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары халқымыздың  басына төнген қасірет – аштықта талай отбасы қырылып қалды. Нәубет Демеевтер отбасын да айналып өткен жоқ. Бала Жансұлтанның ата-анасы, жеті бірдей бауыры көз жұмды.  Тек апасы Зура екеуінің татар дәм-тұзы таусылмаған екен. Бұларды атасы Шәйкен өсірді. Қорасында азын-аулақ жандығы бар еді ол кісінің. Соны талғажау етті. Қолы ашық еді, жарықтық! Маңайындағы ағайынға жәрдемдесті. Бірақ, адамның бәрі бірдей ме.  Кейбірі Шәйкеннің тығып отырған малы бар деп жоғарыға домалақ арыздың бірінен соң бірін жазды. “Бай-құлақ”  етіп көрсеткен. Шәйкеннің шекара асуына тура келді. Кейін елге қайта оралды. Жансұлтан он үш жасынан бастап мал бақты. “Қызыл қорғаныс” колхозының қара малына еге болып, атасының отбасына көмектесті. Жас баланың еңбекке ептілігін байқаған жанашыр ауыл азаматы оны Қостанайдағы механизация мектебіне баруға үгіттейді. Сөйтіп, ол тракторшы-комбайыншы мамандығын игерген. Он бес жасында алғаш рет комбайншының көмекшісі болды. Арасында трактор  руліне де отыратын.

Бірде оның туған жеріне атақты ұшқыш, екі мәрте Кеңес одағының батыры Иван Павлов келді.  Теңіздей толқыған егінжайға көз тіккен батыр Жансұлтанның бұйра шашынан сипай үн қатты: “Жарайсың, жігітім! Біз ана жақта фашистерді тықсырып жатырмыз, сендер мұнда қорғанысты мықтап қолға алыпсыңдар. Осы беттеріңнен таймаңдар! Жансұлтанның қуанышында шек жоқ еді. Одаққа белгілі батырдың өзі бұған үлкен сенім артып тұрған жоқ па! Ол кезде өзі де көп жылдан соң омырауына «Алтын жұлдыз» тағарын білген  жоқ-ты. Көп ұзамай Қазақ даласында тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталды. Елімізге сол жылдары одақтың түкпір-түкпірінен мыңдаған ерікті ағылып келіп жатты. Өзідігінен бұйығы тірлік кешкен шағын ғана Аққайың ауылына Украинаның Черновица қаласынан наурыз айында бір топ қыз-келіншек келді. Жалаңбас, жайдақ. Қазақ даласы алғашқы тыңгерлерді наурыз айының ұйытқыған боранымен, бет қаритын аязымен қарсы алды. Жас мамандар Украинада мұндайды көрмеген. Кеңшар директоры Тименов Шәйкен қартқа келіп, көмектесуін сұрады. Оның мал қамайтын ұзын сарайы бар-тын. Сол үшін жерлестері кезінде жоғарыға талай арыз домалатқан. Енді ақсақалға: ” Қыздарға сарайыңды қи. Тоңып, жаурап жүр” деп   өтініш айта кепті. Уағында “саяси сенімсіздердің” қатарына іліккен Шәйкен бұған қуанбаса, ренжіген жоқ. Қайта тыңға өзінің сәл де болса үлес қосқанына масаттанып та тұр еді.

Қостанай облысының диқандары 1956 жылы  бұрын-соңды болмаған мол астық алды. Сол жылы 29 жасар Жансұлтан Демеев Социалистік Еңбек Ері атанып, омырауына  «Алтын жұлдыз» бен Ленин орденін тақты. Ол бір өзі 22 мың центнер бидай бастырған. Бұл толыққанды екі теміржол вагон тіркемесіне пара-пар өнім еді. Нағыз күш-қайраты тасып тұрған шақ. Жұмысқа деген ынтасы зор-тын. Тіпті, денсаулығына да аса мән бере қоймады. Отбасын, бала-шағасын асырауы керек. Келіншегі Берен екеуі саман кірпіш құйып, үй салды. Балшық езіп, іші-сыртын сылады. Ол кездегі үйдің бәрі саман кірпіштен салынатын еді ғой. Сол үйде Сұңқар, Мейраш есімді  ұлдары, Ажар, Жұпар есімді қыздары дүниеге келді. Осы үйде қартаюды нәсіп етсін деп тілеуші еді өзі. Бірақ, жолында небір жайсаң азаматтар кездесті. “Жансұлтан, батыр деген мынадай тар лашықта тұрушы ма еді. Қостанайда, Алматы мен Мәскеуде бір-бір үйің болса да артық емес” деп  жанашырлық білдірген.  Бұл кісі қолын бір-ақ сілтеп,”бұйырған қашпас” деген сыңай танытты.  Басында баспанасы, тіпті, жұмысқа барып-келуге жарайтын  “Ява” мотоциклі бар-тын. Сонысымен 18 шақырым қашықтағы Александров МТС-ына барғанша, егін алқабының арасымен жүріп, ерекше бір ләззатқа бөленетін. Жансұлтан аға үстіне комбинезонын кимейінше, комбайн штурваліне отырмайды екен. Шаң-тозаңнан қорғайтын көзілдірігін де ұмытқан емес. Неткен тазалық! Ол кездегі комбайндарда кабина болмайды. Кешқұрым жұмыстан келе жатқанда балаларына  жолда кездескен көжек, кірпі, орман жидектерін ала келуші еді.

Жансұлтан аға бір жылы Үкіметтен алған сыйақысына  М-21 маркалы “Волга” автокөлігін сатып алды. Ол кезде батырларға жеңілдік жасалатын. Көлік кезегінде көп тұрған жоқ.  Жеңіл көлік Демеевтер отбасына ұзақ жыл қызмет етті. Талай рет ауылдастары аурухана, басқа да баратын жерлеріне апарып тастауын өтінетін. Ондайда Жәкеңде бәлсіну жоқ. Ешкімнің меселін қайтармайды. “Адамның күні – адаммен” деген тәмсіл  Еңбек Ерінің басты ұстанымы еді.

Ж.Демеев КСРО Жоғарғы Кеңесінің бес мәрте депутаты болды. 1975 жылы мемлекеттік сыйлықты иеленді. Солай бола тұрса, ол барынша қарапайым еді. Оның қабылдау бөлмесі кішігірім ғана саман үй. Есігі үнемі ашық тұрады. Кітап оқығанды ұнататын.  Әрдайым бума-бума газет-журналға жазылады. Зауқайыр, мінберден сөз сөйлей қалса, қағазсыз көсіледі. Өйткені, ол ешқашан ойдан құрастырып айтып көрген жан емес. Бірде Черновицаға Н.Хрущев келді. Сол жолы КОКП Бас хатшысымен тың және бітік астық жайлы ұзақ әңгімелескен. Мәскеуде болғанда ол депутаттық қызметінен бөлек, орталық телевидениенің қонағы ретінде жиі шақырылатын.

Жаңа жылдық “Көгілдір от” бағдарламасында КСРО-ға белгі танымал әртістер, суретшілер мен қарапайым еңбек адамдарының ортасынан табылады. Ол туралы одақ  және шетелдік киножурналистер бірнеше рет деректі фильм түсірген. Ауыр сырқат меңдей бастағанда Жансұлтан аға алпысқа да келмеген еді. Денсаулығы сыр беріп зейнеткерлікке ертерек шығуына тура келді. Еңбек Еріне мүгедектігіне байланысты азын-аулақ зейнетақы тағайындалды. Ол соны қанағат тұтты. Ешқайда шағымданған жоқ. Өзгенің шаруасы болмаса, өзі үшін алақан жаюды артық іс көретін. Егер жанашыр жандар ара түспегенде ол әйелі екеуі салған саман үйде өмірінің соңына дейін тұрар ма еді. Белгілі дәрігер, ҚР Мәжілісінің депутаты болған Ысқақ Есіргепов Социалистік Еңбек Ерінің жағдайын айтып, биліктегілердің назарын аударды. Соның арқасында облыстық агроөнеркәсіп басқармасы Қостанайдан екі бөлмелі пәтер ұсынды. Ол осы үйінде алпысқа жетпестен қайтыс болды. Әдетте, мұндай кісілер туралы сөз қозғалғанда “тұтас бір дәуір көшті” деуші еді.

Расында да, ол Жансұлтан Демеевтің, Кәмшат Дөненбаеваның, Михаил Довжиктің, Иван Рудскойдың, Алевтина Кузьминаның, Петр Бреусовтың дәуірі еді. Бүгінде бәрі бақилық болған. Тек олардың артында өшпес іздері, еңбектері қалды. Қысқасы, Бақытқали Андиров ағамыздың  Ж.Демеевтің есіміне жоғарыда аталған көшенің біреуін берсе деген өтініші өте орынды. Мұны биліктегілер қолдайды деп сенеміз.

 

Жаңалықтармен бөлісу