Бүгін дүниежүзілік донорлар күні. Жыл сайын донорлар тапсырған қан миллиондаған адамның өмірін сақтап қалады. Қостанай облыстық орталығына үздіксіз келіп қан тапсыратындар аз емес. Мамандар күніне 70-ке жуық адамнан қан алып, соның 40-тан астамын іске жаратады. Қазіргі уақытта орталық облыс көлемін қанмен қамтамасыз етіп отыр. Қан жетіспеушілігі жоқ. Дегенмен, қан қорын үнемі толтырып отыру керек.
– Жылына шамамен 14 мың адам донор болады. Олар бізге үнемі келеді. Осының ішінде 3500 адам өз еркімен келетін азаматтар. Бір жылда 7,5 мың литр қан тапсырып, облыстағы 26 медициналық орынды қамтимыз. Түрлі акция өткіземіз. Тұрғындар өздері белсенді түрде келіп, донор болуды дәстүрге айналдырған. Қан доноры болған адамға заң жүзінде еңбекақысы сақталатын екі күндік демалыс беріледі. Бұған қоса, қан тапсырған әрбір азамат тек донор болып қана қоймай, өзінде қандай аурулар барын біле алады. Қан тапсыруға келген адам алдымен тиянақты тексеруден өтеді. Егер қан тапсырушы адамның денсаулығынан қандай да бір кінәрат табылса, дәрігерлік кеңес беріледі. Мұның бәрі де кезең-кезеңімен, екі этапты скринингтен өткізіледі. Келушілердің ішінде тек тромбоцит тапсыратындар да бар. Қан мен оның компоненттеріне донор болғандарға өтемақы түрінде 0,25 АЕК көлемінде ақша беріледі. Мұның көлемін көбейту керек деген мәселе былтыр елімізде көтерілген. Бірақ әзірге еш өзгеріс жоқ. Ал адамдар ақша немесе демалыс алу үшін емес, өзгеге көмек беріп, өмір сыйлау үшін өздері келеді, – дейді облыстық қан орталығы директорының орынбасары Альмира Нұрханова.
Әрине, кез келген адам қан доноры бола алмайды. Ол қанның құрамына қарай болады. Қан доноры болу үшін адам дайындалуы қажет. Қан тапсырардан бір күн бұрын жақсы ұйықтап, диета ұстану керек. Қан тапсырып тұру адам ағзасына пайдалы. Қанды белсенді тапсыратын донорлар жүрек-қан тамырлары ауруымен сирек сырқаттанады жəне қан кету олар үшін қауіпті жағдай емес дейді мамандар. Донацияға келген сайын адам бойындағы қан жаңарып отырады, айналу процесі де жақсарады. Бұл өз кезегінде көптеген аурудың алдын алуға ықпал етпек.
– Адамдарды шақыру үшін түрлі акциялар ұйымдастырып тұрамыз. Осы мереке қарсаңында үш күн бойы акция ұйымдастырдық. Келіп, тексерушілер көп. Мұндай шаралардың бізге де, халыққа да пайдасы бар. Көпшілік орталыққа арнайы келіп жүре алмайды. Оларға осындай ұйымдастырған шаралар тиімді. Донорлардың арасында 40 жылдан астам қан тапсырып келе жатқандар да бар. Тіпті, өзіміздің ұжымның арасында көптен донор болып жүргендер өте көп.
Дені сау адам екі ай сайын тұрақты түрде қан тапсыруға болады. Ал негізі жылына екі рет тапсырсаңыз да жеткілікті, – дейді орталықтың көпшілікке үгіт-насихат жүргізуші маманы Елена Байтұрсынова.
Бұл қоғамға ғана емес, донордың өзі үшін де тиімді. Денсаулыққа пайдасын былай қойғанда, донорға бірқатар артықшылық беріледі. Мәселен, АИТВ, мерез, қандағы гемоглобин мөлшерін, қан тобы мен резус-факторын анықтау секілді талдау түрлерін тегін тапсыруға мүмкіндік алады. Донордың жасы ең алдымен 18-ге толған болуы керек. Қан тапсырмас бұрын міндетті түрде медициналық тексеруден өткізіледі. Ал, гепатит, мерез, туберкулезбен ауырғандар, АИТВ індетін жұқтырғандар, нашақорлар донор бола алмайды. Биыл елдегі орман апатына байланысты барлық салтанатты шаралар кейінге қалдырылды.
– Осы күнге орайластырып түрлі мерекелік шаралар өткізіп, құрметті донорларды марапаттайтын едік. Биыл елдегі жағдайға орай бәрін кейінге қалдырып отырмыз. Бастысы елде тыныштық болып, азаматтар аман болса болғаны, – дейді облыстық қан орталығының директоры Манарбек Ахметов.
Тұрақты донорлардың бірі – «Қостанай таңы» газетінің тілшісі Айбек Таңатбаев. Ол 2019 жылдан бері донор.
– Мен үшін қан тапсыру – сауапты iс. Өзгелердің өміріне араша түсу бір бақыт. Талаптарына келсек, қан орталығына барғанда арнайы тіркеуден өту қажет. Кейін, зертханада ВИЧ 1, 2 инфекциясы, В және С гепатиттері маркерлеріне және мерезге сараптама жасалады. Нәтижесі шыққан соң ғана қан беруге барасыз. Жылына 4-5 рет қан орталығына барып, 452 мл көлемінде қан беремін. Дені сау адам үшін мұндай көлемде қан тапсыру физиологиялық жағынан еш қауіпсіз және қалыпты жағдай. Өзім сияқты донор болған адамның қан айналымы және иммундық жүйесі жақсарады. Әрине, одан соң күтінген жөн. Көбірек ыстық шай ішіп, денсаулық сақтап, саламатты өмір салтын ұстану керек. Қан тапсырғаннан кейін өзіме бір жақсы әсер аламын, – дейді ол.