Бұл ақпарат бүгінгі кеңейтілген кеңесте айтылды.
Ал жалпы былтыр облыс көлемінде мал ұрлығына байланысты 28 қылмыс тіркелген. Көп жағдайда облыстың оңтүстік өңірлері және Меңдіқара ауданы назарға іліккен. Облыстық ПД бастығы Ерлан Файзуллин мал ұрлығының басты себептерін былай деп түсіндіреді.
«Ауылдық жерлерде профилактикалық жұмыстар мардымсыз жүргізіледі. Көптеген шаруа қожалығы аумағында бейнебақылау камералары жоқ. Мал бағымы ұйымдастырылмаған. Барлық дерлік өңірде малшы жалдау мәселеге айналған. Үшжақты келісім жасалмайды. Былтыр бақылаусыз жайылымдардан мал ұрлаудың 17 дерегі тіркелді. Бір айта кетері, көп жағдайда сәйкестендіру жүйесіне тіркелмеген малдар ұрланады. Былтыр болған ұрлықтардың 13-і осыны айғақтап берді. Бұған мал иесінің жауапсыздығы және жергілікті ветеринарлық қызметтің тек жас төлді чиптейтіні себепші болып жатады», — дейді ол.
Оның айтуынша, малды қараусыз жіберудің кесірі мол. Ұрылардың оңай олжасына айналатынын айтпағанда, жол үстіндегі оқыс жағдайларға ұрындырып жатады. Былтыр иесіз жүрген мал 11 жол апатына себепші болған. Салдарынан екі жолаушы көз жұмып, 16 адам ауыр жарақат алған.
«Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын сою нысандарының жетіспеушілігі де мәселеге айналып отыр. Тіркеудегілер саны — 18. Мал сою пункті Ұзынкөл, Меңдіқара, Денисов, Жангелдин, Амангелді аудандарында, Рудный, Арқалық, Лисаков қалаларында жоқ. Тәжірибе көрсеткендей, аулада сойылған мал еті құжатсыз сатылып, сауда сөрелеріне түседі. Таяуда ғана осындай бес ереже бұзушылық анықталды», — дейді ол.
Сурет: gov.kz
