Амангелдіде «Ақ желкен – 2026» вокалдық байқауы жалғасын тапты 

Амангелдіде «Ақ желкен – 2026» вокалдық байқауы жалғасын тапты 

Қ. Әбенов атындағы мәдениет үйіндегі жас әншілерге арналған дәстүрлі  байқау өнерсүйер қауымға рухани әсер сыйлады.

Өнерге ынтық өскелең ұрпақты қолдауды мақсат еткен бұл байқау аудан көлемінде ғана емес, өңірлік деңгейде де өзіндік орны бар мәдени жобаға айналып отыр.

blank

Аталған байқау алғаш рет 2001 жылдың 16 ақпанында «Мәдениет саласының үздігі» және «Еңбек даңқы» төсбелгілерінің иегері Лиза Мизамбаева бастамасымен өмірге келген болатын. Анасының құрметіне арналған бұл өнер сайысы талай жас таланттың жолын ашып, үлкен сахнаға қадам басуына себепкер болды. Байқау авторы негізгі мақсат – ауыл балаларының бойындағы өнерді шыңдау, олардың шығармашылық әлеуетін елге таныту екенін айтады.

blank

– Бұл байқаудан түлеп ұшқан жүлдегерлердің көпшілігі бүгінде республикаға, тіпті шет елдерге танымал өнерпаз атанды. Түркия, Ресей, Еуропа сахналарында өнер көрсеткен шәкірттеріміз бар. Айару Орманова, Айбат Маратов, Айдана Өміржан, Нұрболат Садықов, Санжар Закиров, Айгерім Мұхамбетжан, Аяулым Ақмырза сынды өрендердің есімдері бүгінде ел жадында, – дейді Лиза Мизамбаева.

blank

Биылғы байқауға 7 мен 17 жас аралығындағы балалар қатысып, вокалдық шеберліктерін сынға салды. Көршілес ауылдардан келген барлығы 12 жас өнерпаз сахнада түрлі жанрдағы әндерді орындап, көрермендер мен қазылар алқасының ықыласына бөленді.

 

Тимур ШАГИРОВ,

ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенті

Амангелді ауданы