Ол туралы қала әкімінің аппарат жиынында айтылды. Қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы Батырхан Зиятов жастарды әскери қызметке ынталандыру мақсатында жасалып отырған мемлекеттік қолдау туралы мәлімдеген болатын.
«Әскери қызметтің маңызын жас ұрпаққа түсіндіру бағытында жергілікті атқарушы орган мектептер мен колледж, лицейлерде үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлуде. Алайда, жалғыз біздің ғана үн қатуымыз аздық етеді. Ақпараттандыру жұмысына балалармен қатар ана-аналар да қамтылып, алғашқы әскери даярлық сабағында кеңінен айтылса деген өтініш бар. Тағы бір мәселе – қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың ғимараты жөндеуді қажет етеді. Нысанның бүгінгі жағдайы мемлекеттік мекеменің мәртебесіне сай келмейді. Салдарынан Қарулы Күштердің имиджіне теріс ықпал етуде», – дейді Батырхан Зиятов.
Басқарма басшысының айтуынша, қалалық әскерге шақырту пунктінің қасбеті, шатыры, іші тозған. Жиһаздары мен жеке істер сөрелерін жаңартып, компьютерлік техникамен, медициналық комиссияның жұмысын таспалауға арналған бейнебақылау камераларымен жабдықтау қажеттілігі туындап отыр.

Былтыр қала әкімі Марат Жүндібаев аталған нысанның жәй-күйімен танысып, шақырту пунктіне басқа жерден орын ұсынған. Алайда, мекеме көшуден бас тартыпты. Кеңсе жиһаздары мен компьютерлік техниканы жаңарту үшін қала әкімдігі көмектесуге ықыласты екенін жеткізді. Ал ескірген ғимараттың орнына басқа нысан ұсынылмақ. Қала әкімі аталған мәселелер көп ұзамай шешімін табатынын айтты.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
