Қостанай облыстық ЖСДП филиалы «Ақпараттық қауіпсіздік және азаматтардың цифрлық құқықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, құқық қорғау саласының мамандары мен қала тұрғындары қатысты.
Жиынның басты мақсаты – азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу, сол арқылы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге үлес қосу. Кездесу барысында қатысушылар жеке деректердің қорғалуы, интернет алаяқтықтың алдын алу, цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру мәселелерін қозғады. Сондай-ақ кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін бекітетін аумақтарда байланыс желілерін монтаждау және пайдалану тәртібі жөніндегі түйткілдерді қарады. Цифрландыру үдерісі қарқынды жүрген сайын ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің маңызы артып отырғаны сөз болды.
«Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Жыл басында 10 шілдеден бастап күшіне енетін Цифрлық кодекс қабылданды. Алайда азаматтардың жеке деректерін қорғау және цифрлық құқықтарын сақтау мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Кибералаяқтық фактілері, әсіресе шетелден әрекет ететін қылмыстық топтардың белсенділігі қоғамды алаңдатады. Сондықтан біз бұл мәселені ашық талқылап, нақты ұсыныстар әзірлеуді мақсат еттік», —деді облыстық ЖСДП филиалының төрағасы Дамир Жақанов.
Аймақтағы киберқылмыстың ахуалы мен алдын алу шаралары жөнінде құқық қорғау органдарының өкілі жан-жақты ақпарат берді. Ол соңғы жылдары интернет арқылы жасалатын алаяқтық, фишинг, жалған жобалар тәсілдерінің көбейгенін атап өтті.
«Біз профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргіземіз. Білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін де түсіндіру кездесулерін өткізіп, халық көп жиналатын орындарда ақпараттық материалдар таратамыз. Киберқылмыстың ең кең тараған түрлерін нақты мысалдармен түсіндіріп, азаматтарды сақ болуға шақырамыз. Цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл аса маңызды», — деді облыстық Полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жанбек Рахметов.
Жастар арасында киберқылмыстың алдын алу мәселесі де кеңінен қозғалды. Әсіресе соңғы уақытта жастардың қаржылық қиындықтар немесе жеңіл табысқа қызығушылық салдарынан дропперлік қызметке тартылу фактілері алаңдаушылық тудырып отыр.
«Жастар қанаты киберқылмыстың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Басты мақсатымыз – жастардың қылмыстық схемаларға, әсіресе дропперлік қызметке тартылуын азайту. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысқан 12 қоғамдық іс-шара өткіздік. Әр кездесуде нақты мысалдар келтіріліп, заңдық жауапкершілік түсіндірілді. Сонымен қатар, жыл соңында «Кибералаяқтардың құрбаны болмаудың жолдары» тақырыбындағы парақшалар кеңінен таратылды. Нәтижесінде Қостанай, Рудный, Лисаков, Арқалық қалалары мен Қарабалық кентінде 700-ден астам парақша орналастырылды», — деді Қостанай облыстық ЖСДП филиалы Жастар қанатының жетекшісі Владислав Яковлев.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылардың ұсыныстары мен бастамалары негізінде азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және өңірде осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде үйлестіруге арналған қорытынды резолюция қабылданды.
Дильназ Ізтілеуова,
ЖСДП Қостанай облыстық филиалының баспасөз хатшысы
