Биыл Қостанайда алты жүзден астам пәтер беріледі

Биыл Қостанайда алты жүзден астам пәтер беріледі

Былтырғы жылдың мамыр айына дейін тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды кезекке қою «Kezekte.kz» ұлттық жүйесі арқылы жүргізілген. Заңға енгізілген өзгерістерден кейін өткен жылдың маусымынан бастап кезекте тұрғандардың базасы «Отбасы банк» АҚ-ға берілді. Енді азаматтар orken.otbasybank.kz порталы арқылы «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жаңа ақпараттық жүйесін пайдалана алады.

«База берілгенге дейін Қостанай қаласы әкімдігінде тұрғын үйге мұқтаждардың 5 бөлек кезегі жүргізілген: жетім балалар, әлеуметтік осал топтар, көпбалалы отбасылар, бюджеттік ұйым қызметкерлері және апатты тұрғын үй иелері. Қазір кезекте тұрғандар саны он сегіз мыңнан көп», – деді қалалық тұрғы үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғабит Бектабанов.

Бөлім балансында 2 240 тұрғын үй бар, оның ішінде он жеті жалдамалы үйде 1 537 пәтер, сатып алынғандары – 328 пәтер. Халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін әкімдік жалдамалы тұрғын үйімен қамтамасыз ету және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіп келеді. 2022 жылдан бері жеті жүзден аса отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтылған. Олардың қатарында жетім балалар, көпбалалылар бар.

«2024 жылдан бастап Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығына сәйкес әкімдік жалдау тұрғын үйін салу емес, сатып алу механизміне өтті. Бұл тұрғын үй сапасын жақсартып, бөлуді жеделдетті. 2024 жылы 230 пәтер 4,6 млрд теңгеге, 2025 жылы 58 пәтер 1,8 млрд теңгеге сатып алынды, жалпы 288 отбасы тұрғын үй алды. Заңнамадағы өзгерістерге сай жалдамалы пәтерді кейін жекешелендіруге болады», – деді бөлім басшысы.

Десек те, жалдау ақысы бойынша берешек мәселесі де бар. Жалпы қарыз 61 млн теңге. Өткен жылдың қыркүйегінде 409 хабарлама тапсырылып, 23 млн теңге өндірілген. Бақылауды күшейту үшін «RDJilfond» сервисі әзірленіпті. Ол «Smart Kostanay»-мен интеграцияланған және SMS, қоңырау арқылы ескертеді. Берешек өндірілмесе, сот және шығару шаралары қолданылады.

 «Жалдау тұрғын үйімен қатар бөлім азаматтарды несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысын жүргізеді. 2022 жылдан бастап «Отбасы банк» арқылы іске асырылатын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде Қостанай қаласында 35 көпқабатты тұрғын үйде пәтерлер сатылып, мың жеті жүзден аса сатып алу-сату шарты 16,6 млрд теңгеге жасалды. Осы жылға жоспар он көпқабатты үй немесе 633 пәтер. Кейінгі екі жылдан бері Қостанай қаласында әлеуметтік осал топтарға ипотека бойынша бастапқы жарнаны өтеу үшін тұрғын үй сертификаттарымен мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Екі жыл бұрын 47 сертификат 52,5 млн теңгеге берілсе, жылтыр 25 млн теңгеге жиырма төрт сертификат табысталды. Биылға 50 млн теңгеге сертификаттар беру жоспарланып отыр», – дейді Ғабит Бектабанов.

Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жүйелі жүргізілуде, алайда кезек мәселесін шешу үшін бірқатар шараларды ақтару қажет. Яғни, қосымша қаржыландыру, жалдау тұрғын үйі механизмдерін кеңейту және әлеуметтік осал топтардың ерекшеліктерін ескеру деген тәрізді.

Сералы МЫРЗАБАЙ