Әулиекөл ауданына қарасты Первомай ауылы өздерін бұл өніммен қамтамасыз етіп отыр. Екі ауысыммен жұмыс істейтін наубайшылар күніне екі жүзге жуыз бөлке нан жабады.
Нанның құны – 100 теңге. Ауылдағы наубайхана тұтас ауылдың тынысы, десе де болар.

Гүлмира Тортаева мен Алмагүл Ғалиева күнде нан ашытып, пісіреді. Ал Мәдина Әйтенова наубайхананың меңгерушісі.

«Біз екі ауысыммен істейміз, – дейді Мәдина апай. – Күніне 100-150 нан пісіреміз. Ауылды түгелімен нанмен қамтып отырмыз. ЖШС жұмыскерлері мен зейнеткерлерге бір нанымыз – 100 теңге, ал қалғандарына – 150 теңге. Тоқаш, самса да пісіріп шығарамыз».

Наубайхана 1994 жылдан бері жұмыс істейді. Бір салымда пеште 72 нан дайын болып шығады. Бұрын басқа, ескі пештерде пісіретін едік. Қазір бұл ғимарат – ауылдың тарихы мен тағдырын бірдей сақтап тұрған орын. Кеңес заманында бұл ғимарат балабақша болған, кейін асханаға айналған. Соңғы жылдары жабылып, қазіргі наубайхана жұмысын бастады.
«Ауыл тұрғындары азайып келеді, бірақ тіршілік бар. Кеңес заманында ауыл гүрілдеп тұрған еді. Қазір де жаман емес. Бірақ жастар көп тұрақтағысы келмейді, от жағып, мал ұстағысы жоқ. Ал мен, зейнеткер болсам да, әлі де еңбек етемін. Еңбектен қалған емеспін. Біз нан пісіріп, ауыл тұрғындарын қамтып отырмыз. Ал нанымыз дәмді, халқымызға қолжетімді», – дейді Мәдина Әйтенова.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Василий Васильев
Әулиекөл ауданы
