Ұлттық Құрылтай қоғам өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси алаңға айналды

Ұлттық Құрылтай қоғам өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси алаңға айналды

Ұлт ұясы Ұлытауда бастау алған Құрылтай кейінгі жылдары түркі жұртының бесігі Түркістанда, ақ Жайық жағасындағы Атырау өңірінде, Көкшетау төрінде жалғасын тауып, биыл жыл басында Сыр елі – Қызылордада өткізілді. Бұл жиындар ел дамуының өзекті мәселелерін талқылап, нақты шешімдер қабылдауға бағытталған маңызды институт екенін айқындай түсті.

Құрылтай – халқымыздың тарихи санасында ерекше орны бар ұғым. Ерте кезеңдерде ел тағдыры шешілетін маңызды жиындарда ортақ мәміле жасалып, халық мүддесіне сай шешімдер қабылданған. Бүгінде осы дәстүр заманауи сипат алып, Ұлттық Құрылтай аясында қоғамның түрлі саласын қамтитын ауқымды реформаларға бастамалар көтерілуде.

Құрылтай мүшелері ел өміріне тікелей ықпал ететін мәселелерді күн тәртібіне шығарып келеді. Соның ішінде қоғамда ерекше алаңдаушылық тудыратын лудомания, ойынқұмарлық пен нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға басымдық берілуде.

Бұл ретте өңірлерде, соның ішінде ауданымызда жастар арасында зиянды әдеттердің таралуына жол бермеуге бағытталған түрлі тәрбиелік, ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, Аналар кеңесімен мардымды шаралар, тағылымды кездесулер өткізіліп, жастар санасына қоғам кеселдерінің зияны туралы мол мәліметтер берілуде.

Ұрпақ болашағына қауіп төндіретін мұндай кеселдерге тосқауыл қою – ең алдымен отбасы тәрбиесі мен қоршаған ортаның сапасына байланысты. Ал сапалы орта қалыптастыру – әрбір азаматтың жауапкершілігі, отбасы тәрбиесінің мықтылығы.

Өткен жылғы Ұлттық Құрылтай қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары бекітіліп, ел дамуының айқын бағдары белгіленді. Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттары ішкі саясаттың өзегіне айналды.

Сонымен қатар қоғамдық диалогты дамыту, этносаралық келісімді сақтау, жастар мен отбасы саясатын жетілдіру негізгі басымдықтар ретінде айқындалды. Отбасылық қарым-қатынастың нығаюы, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету бағытында Аналар кеңесінің маңызы зор деп ойлаймын.

Шекаралас аймақта орналасқан ауданымыз үшін ішкі саясат қағиадаттарының, ұлттық құндылықтардың ұлықталуы, мемлекеттік тілдің ұлтаралық достық, қарым-қатынас тіліне айналуы маңызды.

Жаһандану уақытында Мемлекет басшысы:

«Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс. Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек», – деген болатын.

Президеттің ой-толғамдары қанша заман өтсе де өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр.

Қазіргі таңда Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырыстарын халық жіті бақылауда. Конституцияның мазмұны жаңарып, неке мен отбасы құндылықтары, қоршаған ортаны қорғау міндеті күшейтілетіні қуантады.

Халқымызда ана рөлі, ұлтты қалыптастырудағы маңызы ерекше екені мәлім. Отан – отбасынан басталады деген тұжырымдаманы ұстанған дана халқымыз қоғамда қандай өзгерістер болмасын жақсылыққа балаған. Бүгінгі таңда оң өзгерістер мен жақсы бастамалар халқымыздың игілігі мақсатында деп білеміз.

                                                                                                                                                     Роза Ержанова