Қостанай облысында соңғы төрт жылда «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқасында 400-ге жуық бала дүниеге келді. Ал биыл бөлінген квота саны едәуір артты. Барлығы 261 отбасы балалы болуға мүмкіндік алады.
Сәби сүюді аңсап, ұзақ уақыт бойы нәтиже көре алмай жүрген жандар дәрігерді жағалауда. Уақыт өткен сайын бұл мәселе тек жеке отбасының ғана емес, тұтас қоғамның өзекті тақырыптарының біріне айналып барады.
Айжанның тұрмыс құрып, отбасылы болғанына да алты жылдан асып барады. Бұл жылдар олардың өмірінде ең ауыр да сындарлы кезеңдердің бірі болды. Ерлі-зайыпты тек өздері ғана емес, барша туыс-туғанымен бірге бір сәбиді тағатсыздана күтті. Бармаған жері, қақпаған есігі қалмады. Бақсы-балгерге де жүгінді, білікті дәрігерлердің де алдынан өтті. Ал уақыт болса, көзді ашып-жұмғанша өте берді.
– Қазақ халқы жаманын жасыратын халық қой. Сол себепті мен де өз есімімді жария еткім келмейді, бүркеншік атпен айта берсеңіз екен. Бірақ менің басымдағы жағдай талай әйелге таныс. Біз де бала аңсадық. Алты жыл бойы үміт пен күдік қатар жүрді. Сырт көздің сөзі, айналаның қысымы жанға қатты бататын. Кей кездері «ажырасып кетейік» деген ой да келген сәттер болды. Бірақ жолдасымның сабырлылығы мен қолдауы маған үлкен демеу болды, – дейді ол.
Ақыры ерлі-зайыпты жасанды ұрықтандыру жолына жүгінуге шешім қабылдайды. Алғашқы талпыныс сәтсіз аяқталып, іштегі үміт тағы да күйреп қалады. Алайда олар мойымады. Екінші рет бақтарын сынап көріп, Алланың қалауымен, бүгінгі күні тәп-тәтті қыздың ата-анасы атанды.
– Қазір артқа қарап, сол күндерді еске алсам, бәріне сабыр керек екенін түсінемін. Әйелдер бұл мәселені жасырып жүрмеуі керек. Ашық айтып, көмек сұрап, дер кезінде қолға алса, нәтижесі болады. Заман дамыған, медицина да алға басып келеді. Қаншама отбасы бүгінде ата-ана атанып, бақытын тауып жатыр, – дейді Айжан.
Бар кінәрат әйелде ме?
Иә, отбасында сәби болмаған жағдайда бүкіл жауапкершілікті әйелдің мойнына арта салу біздің қоғамда көп кездесетін жағдай. Ал бұл мәселенің екі жаққа да ортақ екенін мойындау көбіне елеусіз қалып жатады. Қойылатын диагноздың 40 пайызы ерлерге қатысты екенін дәрігерлер алға тартып отыр.

Қостанай облыстық ауруханасының уролог-андрологы Антон Кистановтың айтуынша, мұндай жағдайда басты түйткілдердің бірі – ер адамдардың медициналық тексеруден өтуге құлықсыздығы.
– Көп жағдайда ер азаматтар тексерілуге бармай, бар салмақты әйелге арта салады. Ал шын мәнінде ер адамдарға тапсыратын зертханалық талдау саны төртеу ғана. Соның өзін тапсырудан бас тартатындар кездеседі. Ал бедеуліктің негізгі себептері – күйзеліс, қабыну процестері және көбіне дер кезінде емделмеген венерологиялық аурулар, – дейді дәрігер.
Бүгінде бедеулік тек әйелдерге ғана тән мәселе емес. Урологиялық тексерулер нәтижесі ер адамдар арасындағы репродуктивтік денсаулықтың әлсіреуі жиілеп бара жатқанын көрсетіп отыр. Гормондық теңгерімнің бұзылуы, созылмалы аурулар, уақытында емделмеген қабыну процестері – ұрпақ өрбітуге тікелей әсер ететін негізгі факторлардың қатарында.

Мамандар мұның себептерін тек медициналық тұрғыда ғана емес, әлеуметтік және өмір салтымен де байланыстырады. Қазіргі таңда жас отбасылардың кеш шаңырақ көтеруі, мансапқа басымдық беруі, тұрақты күйзеліс, ұйқы режимінің бұзылуы, дұрыс тамақтанбау – мұның барлығы адам ағзасының табиғи мүмкіндіктерін әлсіретеді. Әсіресе әйелдердің
35 жастан кейін ана болуға шешім қабылдауы жиілеп келеді. Ал медицинада бұл жас репродуктивтік тәуекел тобына жататыны белгілі.
Сондықтан бедеулікке қатысты көзқарасты өзгерту – уақыт талабы. Бұл әйелдің ғана емес, ер мен әйелге ортақ жауапкершілік. Дер кезінде тексерілу, ашық сөйлесу, бір-біріне қолдау көрсету және кәсіби медициналық көмекке жүгіну – сәби сүю жолындағы ең маңызды қадамдар.
Қандай жағдайда дабыл қаққан жөн?
Бедеулік мәселесінде ең қауіптісі – уақытты өткізіп алу. Ақпараттың жетіспеуі мен кеш диагностика көптеген отбасылардың үмітін азайтып отыр. Көптеген ерлі-зайыптылар бұл тақырыпты жабық күйде ұстап, дәрігерге жүгінуді кейінге қалдырады. Ал уақтылы тексерілу мен дұрыс ем қабылдау көптеген қиындықтың алдын алуға мүмкіндік берер еді.
Мамандардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың бір жыл бойы тұрақты жыныстық қатынаста болып, ешқандай сақтану әдісін қолданбай жүріп, жүктілік болмаған жағдайда дабыл қағу қажет. Себебі уақыт өте келе ағзаның репродуктивтік мүмкіндігі төмендей береді, ал жас ұлғайған сайын бала көтеру қиындай түседі.
Қостанай облыстық ауруханасының экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бойынша штаттан тыс бас маманы Әсел Файзуллинаның айтуынша, бедеулік бірден қойылатын диагноз емес, ол белгілі бір медициналық көрсеткіштер негізінде анықталады.

– Бедеулік диагнозы ерлі-зайыпты бір жыл бойы тұрақты жыныстық қатынаста болып, жүктілік болмаған жағдайда қойылады. Осыдан кейін тексерулер жүргізіліп, мәселенің қай тараптан екені анықталады. Өкінішке қарай, көп жағдайда уақытты өткізіп аламыз. Ал жас ұлғайған сайын бала көтеру мүмкіндігі төмендей береді, – дейді маман.
Бедеуліктің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Әйелдер арасында жатыр түтігінің бітелуі, жатырдың құрылымдық өзгерістері, овуляцияның болмауы, эндокриндік жүйенің бұзылуы жиі кездеседі. Сонымен қатар гормондық теңгерімсіздік, созылмалы қабыну процестері мен бұрынғы операциялардың салдары да әсер етуі мүмкін.
Мамандар мұның себептерін тек медициналық тұрғыда ғана емес, әлеуметтік және өмір салтымен де байланыстырады. Қазіргі таңда жас отбасылардың кеш шаңырақ көтеруі, мансапқа басымдық беруі, тұрақты күйзеліс, ұйқы режимінің бұзылуы, дұрыс тамақтанбау – мұның барлығы адам ағзасының табиғи мүмкіндіктерін әлсіретеді. Әсіресе әйелдердің 35 жастан кейін ана болуға шешім қабылдауы жиілеп келеді. Ал медицинада бұл жас репродуктивтік тәуекел тобына жататыны белгілі.
«Аңсаған сәби» квотасы артты
Қостанай облысында соңғы төрт жылда «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқасында 400-ге жуық бала дүниеге келді. Ал биыл бөлінген квота саны едәуір артты. Барлығы 261 отбасы балалы болуға мүмкіндік алады. Бұл – мыңдаған отбасының үмітін қайта тірілткен, тағдырын өзгерткен үлкен жетістік.
Мамандардың айтуынша, бағдарлама аясындағы жұмыс қарқыны жыл сайын артып келеді.
– 2026 жылы Қостанай облысының тұрғындары үшін ЭКО жүргізуге 261 квота бөлінді. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 58 квотаға көп. Өткен жылы бөлінген 203 квота толық әрі сәтті игерілді, – дейді Әсел Файзуллина.
Былтыр Қостанай облысына «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 203 квота бөлінген. Оның әзірше 20 пайызына жуығы сәтті аяқталды. Ал 102 әйел аман-есен босанып, баласын бауырына басты. Дегенмен, бұл – аралық көрсеткіш.
– Нақты нәтижелер жылдың ортасына қарай белгілі болады. Алдын ала болжам бойынша, бұл көрсеткіш алдыңғы жылдардағыдай 40 пайызға дейін жетеді, – дейді маман.
Бір ұрықтан тараған егіздер азайды
Бағдарламаның тиімділігін көрсететін тағы бір маңызды дерек – кезекте тұрған пациенттер санының азаюы.
– Өткен жылы кезекте 400-ге жуық адам болса, биыл бұл көрсеткіш 300-ге жуықтады. Көптеген отбасылар осы бағдарлама арқылы ата-ана атанып, медициналық сақтандыру аясында тегін көрсетілген медициналық көмектің игілігін көріп отыр, – дейді дәрігерлер.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
