Қаңғыған ит пен мысықтан қашан құтыламыз?

Қаңғыған ит пен мысықтан қашан құтыламыз?

Өткен апта қорытындысы бойынша Қостанай қаласындағы «ikomek» орталығына бұралқы ит, қаңғыбас мысықтарға қатысты тұрғындардан 62 шағым түскен. Топталып жүретін ит-құс бала түгелі ересек адамға да қауіпті. Кенеттен тап берсе зиян тигізеді. Сондықтан бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайды.

Дүйсенбілік аппарат кеңесінде Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев аталған тақырыпқа қатысты пікір білдірді. Шаһар басшысы биылғы жылдың қаңтарынан бастап  иесіз жануарларды ұстау, стерилизациялау және вакцинациялау бағдарламасын жүзеге асыру тетіктеріне бірқатар өзгерістер енгізілгенін айтты. Қаңғыбас ит-мысықты аулау жұмысы ветеринария басқармасынан алынып, жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне беріліпті.

Осыған орай қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі бекітілген қызметке сәйкес жетілдіріліп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық және ветеринария бөлімі болып жаңарды.

Елімізде қаңғыбас жануарларды ұстау, стерилизациялау, вакциналау, қайтару бағдарламасы 2022 жылдан бері іске асырыла бастады. Ал оның өңірлердегі қызметі кезең-кезеңімен енгізілуде. 2025 жылы бағдарламаны Қостанай қаласында жүзеге асырушы ретінде «Олейничук» ЖК белгіленіпті. Мердігер ұйым аталған қызметті биылғы қаңтар-ақпан айларында жалғастыру үшін жергілікті атқарушы органмен келісім-шарт жасаған. Бүгінде 350-ге жуық иесіз жануарды қабылдауға қауқарлы.

«Ikomek» орталығы, полиция қызметі және тұрғындардан түскен 34 өтінім бойынша нақты жұмыс атқарылды. Қазір 15-ке жуық өтінім қалды. Біздегі уақытша ұстау пункттері 350 жануарды қабылдауға шақ. Аумақты кеңейту туралы келіссөздер жүріп жатыр. Қаңғыбас жануарлар саны жобамен мыңға жуықтайды. Қалғаны жекеменшік үйлердің бос жүрген ит-мысықтары», – деді мердігер Ольга Соловьева.

Қала басшысы Марат Жүндібаев қаңғыбас жануарлар ең алдымен мектепке баратын балалар үшін қауіпті екенін еске салды. Жалпы адамдардың бәріне зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан жауапты мекемеге мәселені түбегейлі шешуді тапсырды.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ