«Таңшолпан»: Қостанай облысында әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытудың жаңа кезеңі басталды

«Таңшолпан»: Қостанай облысында әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытудың жаңа кезеңі басталды

Қостанай өңірінде әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына жол ашатын «Таңшолпан» жобасының жүзеге асқанына да біраз уақыт болды. Жобаның бастамашылары – «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты және партия Орталық аппараты жанындағы Саяси менеджмент академиясы.

Аталған бастаманың негізгі мақсаты әйелдерді қоғамдық-саяси үдерістерге жүйелі түрде дайындау, кадрлық резерв қалыптастыру, саяси мәдениетті арттыру және көшбасшылық қабілеттерін дамыту. Жоба аясында білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, мәдениет және азаматтық секторда еңбек етіп жүрген белсенді әйелдер қамтылған.

Бүгін М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің базасында жобаның үшінші отырысы өтті. Іс-шараға облыстың барлық аудандарынан келген 100-ге жуық әйел, партия өкілдері, мәслихат депутаттары, білім беру мекемелерінің басшылары мен сала сарапшылары қатысты.

blank

Жобаның үшінші отырысында саяси дебаттар тақырыбына басымдық берілді. «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы Әйелдер қанатының жетекшісі Гүлсара Жаманқұлова жобаның маңыздылығын тілге тиек етті.

blank

«Бүгін біз «Таңшолпан» жобасының үшінші отырысын өткізіп отырмыз. Бұл кезеңде саяси сахнада өзін-өзі ұстау, пікірталас мәдениеті, саяси дебат жүргізу дағдылары пысықталуда. «Таңшолпан» әйел көшбасшыларын жүйелі түрде даярлауға арналған жоба. Ол әйелдердің бастамаларын қолдап, оларды ілгерілетуге мүмкіндік беретін тұрақты тетіктерді қалыптастырады. Біздің басты мақсатымыз саяси және әлеуметтік мәселелерде жауапкершілік ала алатын дайын кадрлық резерв қалыптастыру. Қазіргі таңда әйелдер өте белсенді. Төртінші отырыста әр қатысушы өз бағдарламасын ұсынады, ал жобаны сәтті аяқтағандар арнайы сертификат алады. Олардың барлығы қоғамға үлес қосып жүрген жандар, — деді ол.

Жиын барысында Қостанай облысы әкімінің отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі Гүлмира Қапенова кіріспе дәріс оқыды. Лекцияда саяси дебаттардың мәні, демократиялық қоғамдағы рөлі және олардың саяси әрі қоғамдық қызметтегі практикалық маңызы жан-жақты түсіндірілді.

blank

Күннің аязды болуына қарамастан, жобаға қатысу үшін шалға аудандардан арнайы келгендер де болды. Солардың бірі Аманкелді ауылдық округінің әкімі Гауһар Жангелдина. Ол «Таңшолпан» жобасына басталған сәттен бері тұрақты түрде қатысып келеді.

«Бізді саяси дебаттар бойынша шақырды. Жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр, берері мол. Осындай іс-шаралардан қалмауға тырысамыз. Әйелдердің саясаттағы рөлі туралы жан-жақты кеңес беріледі. Өзіме түйгенім көп. Қазір ауылдарда белсенді әйелдер өте көп, бірақ кейде олардың әлеуеті елеусіз қалып жатады. Осындай жобалар сол олқылықтың орнын толтырады», – дейді ол.

Теориялық бөлімнен кейін қатысушылар практикалық кезеңге көшеді. Әйелдер бес командаға бөлініп, университеттің оқу аудиторияларында пікірсайыс форматында жұмыс жүргізеді. Пікірсайыс сессиялары аяқталған соң барлық қатысушылар қайта жиналып, оқу нәтижелерін талқылап, қорытынды жасап, өз пікірлерін ортаға салмақ.

blank

Айта кетейік, «Таңшолпан» жобасы аясындағы оқу бағдарламасы 6–12 айға есептелген. Бағдарлама лекциялардан, тренингтерден, вебинарлардан, практикалық модульдерден және қатысушылардың өз бастамаларын қорғаудан тұрады. Бағдарламаны сәтті аяқтаған әйелдер партияның кадрлық резервіне енгізіліп, аймақтық және қалалық деңгейде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болады.

           Айтолқын АЙҚАДАМОВА