Пробация қызметкерлері екі мыңнан астам заңбұзушылықты анықтады

Пробация қызметкерлері екі мыңнан астам заңбұзушылықты анықтады

Қоғамнан оқшауланбай жазасын өтеп жүрген сотталғандар белгіленбеген тәртіп пен шарттарды бұзған. Пробация қызметінің қызметкерлері мұндай жағдайдын 2027 дерегін анықтап отыр.

Оның ішінде 501 адам заң талаптарын бірнеше рет өрескел бұзғаны белгілі болды.

Пробация қызметі сотталғандардың мінез-құлқын, жүктелген міндеттерді орындауын және белгіленген талаптардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстайды. Анықталған әрбір заңбұзушылық дерегі бойынша тиісті шаралар қабылданып, құқықтық баға берілді. Нәтижесінде сот органдарына жазаны неғұрлым қатаң түрге ауыстыру туралы 550 материал жолданған.

Аталған материалдарда шартты түрде соттауды және жазаны өтеуді кейінге қалдыруды жою, сотталғандарды бас бостандығынан айыру орындарына жіберу мәселелері көтерілген.

«Соттар жолданған материалдарды қарау нәтижесінде 272 өтінішті қанағаттандырды. Бұл жазаны өтеу тәртібін жүйелі түрде бұзған сотталғандарға қатысты нақты жауапкершілік шаралары қолданылып, олардың бас бостандығынан айыру орындарына жіберілгенін білдіреді. Пробация қызметінде аталған жұмыстардың басты мақсаты – сотталғандарды түзеу жолына бағыттау, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу. Сонымен қатар заң талаптарын қатаң сақтау арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі», – дейді Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі, әділет подполковнигі Динара Камбарова.

Пробация қызметі өкілдерінің айтуынша, шартты түрде сотталғандар көбіне сотпен жүктелген міндеттерді орындамаған. Яғни, 22:00-ден кейін тұрғылықты мекенжайда болмаған, сондай-ақ рұқсатсыз үйлерінен өзге жаққа кетіп, ішімдік ішу тәрізді қатаң шараларды бұзған.

Сондықтан пробация қызметі алдағы уақытта да профилактикалық және бақылау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған – Қостанай облысы бойынша

қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі