Мектептегі күзет талапқа сай ма? Фото: Google

Мектептегі күзет талапқа сай ма?

Қостанай қаласында барлығы 48 мектеп, 60 балабақша  және 8 қосымша білім беру ұйымы бар. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздік көрсеткіші қаншалықты деңгейде? Қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева дүйсенбілік аппарат кеңесінде дәл осы тақырып төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Қала мектептерінің 39-ы мемлекеттік, 9-ы жекеменшік. Ал балабақшалардың 24-і мемлекеттік, 36-ы жекеменшікте.  Қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, білім ошақтарының бәрі  турникетпен, дауысты хабарландыру жүйесімен, дүрбелең түймелерімен, бейнебақылау камераларымен 100 % қамтамасыз етілген. Бас-аяғы 3586 бейнебақылау камерасы бар. Соның 93%-і цифрлық камера. 3109 камера полиция департаментінің жедел басқару орталығына тікелей қосылған. Бұл қызмет кез-келген күмәнді жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Аталған мақсатқа бюджеттен 72 млн теңгеден астам қаражат бөлініпті.

«Қала бойынша 16 жекеменшік фирма күзет қызметін көрсетеді. 2026 жылы мектепке дейінгі мекемелер үшін лицензиялық күзетуге 166 миллион теңге бөлінді. Мектептер жан басына шаққандағы қаржыландыруды пайдалана отырып күзет фирмаларымен келісімшарт жасайды. Бұл жердегі бір мәселе – күзетшілердің жасында болып тұр. Қазіргі күні білім беру ұйымдарындағы күзет қызметінде көбінесе зейнеткерлер жұмыс істеп жатыр», – деді Гүлсім Оразбаева.

Қала мектептерінде жобамен 150 күзетші бар. Оның 70-80%-і зейнеткер. Жалақылары 120 мың теңге деп мәлімдеді білім бөлімінің басшысы.

«Өкінішке қарай, оқу орындарының техникалық ерекшеліктеріне шектеулерді енгізу мүмкін емес. Өйткені жасына немесе басқа белгілеріне байланысты кемсітуге Еңбек кодексінде тыйым салынған. Бұл мәселені шешу үшін еңбекақыны көтеру керек. Біз білім басқармасына тиісті ұсынысты жасадық», – деп түйіндеді білім бөлімінің басшысы.

Қала әкімі Марат Жүндібаев білім ошақтарындағы күзетшілердің жалақысы шынымен аздау екеніне қосылды. Ал күзетшілікке кәсіби дайындығы жоғары, төтенше жағдай кезінде жедел қимылдап, іс-әрекет ете алатындай қабілеті бар адамдарды тартуды ұсынды. Әсіресе, отставкадағы полиция қызметкерлерін жұмылдыру әлдеқайда тиімді екенін айтты. Мектептер мен балабақшалардағы күзетші ата, әжелер туралы былтыр Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәселе көтерген еді.

Халық қалаулысының пікірінше, еліміздегі күзет ұйымдарына қойылатын талаптар тым әлсіз. Қызметкерлердің жасы, денсаулығы, кәсіби дайындығы бойынша нақты талаптар жоқ. Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев ұсынғандай, ішкі істер саласында абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан полиция өкілдерін білім ошақтарындағы күзет қызметіне тартсақ түйіннің тарқайтын түрі бар.

Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес былтыр Қостанай мектептерінде  аппараттық-бағдарламалық кешенді енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліпті. Аталған мақсатқа 300 млн теңгеден астам қаржы бағытталған. Кейін аппараттық-бағдарламалық кешен «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен біріктіріліпті. Әлеуметтік әмиян – балалардың мектепте тамақтану сапасын бақылау үшін қолға алынған. Қаланың әр мектебінің асханаларында берілетін тегін тамақтың сапасын және санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында бракераждық комиссия құрылып, жұмыс істеуде.

«Өткен желтоқсан айының өзінде сапаны бақылау комиссиясының арқасында Ә.Бөкейхан атындағы мектепте азық-түлік өнімдерінен құрт пен металл жоңқалары анықталды. Біз жедел шара қолдандық.  Жеткізушіні жауапсыз деп тану және келісімшартты 2026 жылға дейін ұзартудан бас тарту туралы сотқа шағым түсірдік», – деп мәлімдеді білім бөлімінің басшысы.

Қымбат ДОСЖАНОВА