Мемлекет дамуының басты бағыттарын айқындаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басындағы сұхбаты Қостанай өңірінде жан-жақты талқылануда.
Құқық қорғау саласы қызметкерлерімен өткен мазмұнды кездесуде «Қостанай таңының» бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы ел дамуына қатысты маңызды бастамаларды кеңінен түсіндіріп, ортақ мүдде жөнінде ойын ортаға салды.

Ішкі істер министрлігі Қостанай облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатын талқылау және түсіндіруге арналған жиын өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер Президент көтерген негізгі бастамалар мен стратегиялық ойларды тереңірек ұғынуға, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің дамуына қатысты өзекті мәселелер бойынша бірізді пікір қалыптастыруға бағытталған.

Басқосуға «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің төрайымы, облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы спикер ретінде арнайы шақырылды. Жиын форматы қатысушыларға Президент сұхбатында айтылған негізгі тезистермен жан-жақты танысуға мүмкіндік берді.

«Мемлекет басшысының бастамасымен әртүрлі реформа жүзеге асып жатыр. Басқару жүйесіндегі өзгерістер анық байқалады. Қоғамдық сана жаңғырып, саяси қайраткерлер ауысып кетті. Осыдан-ақ өркендеудің жаңа бағытына түскенімізді көре аламыз. Сұхбатта осы өзгерістер, бастамалардың алдағы нәтижесі қандай болмақ, бәрі баян етілген», – деді Кенжеш Оразғалиқызы.
Кездесуге ҚР ІІМ мамандандырылған күзет қызметі басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы, полиция подполковнигі Еркебұлан Хамзин мен басқарманың жүзге жуық қызметкері қатысты.

Қатысушылар көтерілген тақырыптарға ерекше қызығушылық танытып, талқылауға белсенді атсалысты.
«Ел ішінде дүрбелең туғызып, жұртты дүрліктірудің ешқандай жөні жоқ». Президент салық жүйесіндегі өзгерістер туралы осылай деді. Мысалы, Ресейде қосымша құн салығы жуырда 22 пайызға дейін көтерілген.
«Бір жаңалық – салық жүйесін қайта құруға туралы. Ондағы міндетті Мемлекет басшысы экономиканың тұрақты өсімі үшін қажет деп түсіндіріп берді. Үкімет ашық әрі ұғынықты кодекс әзірлеуге кірісіп кетті. Жаңа жүйеде бақылау, қадағалаудан гөрі өзара серіктестік орнатуға мән беріледі. Яғни, салық төледің бе, соған сай мүмкіндіктер пайда болады. Қысқаша түйіндегенде, әзірленіп жатқан Салық кодексі Президент өзі үнемі айтып жүретін «Әділетті қоғам» қағидатына сәйкес жұмыс істеуге тиіс», – деп түсіндірді бас редактор.

Сонымен қатар Кенжеш Оразғалиқызы ауыл шаруашылығын дамыту, жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында тиімді шешімдер табу мәселелеріне айрықша назар аударды.
«Ауыл шаруашылығына орасан зор қолдау көрсетіп отырған елдердің біріміз. Азық-түлік қауіпсіздігі билік назарынан тыс қалмау керек. Біздің Қостанай өңірінде сүт-тауар фермаалары салынып жатқанын білесіздер. Соңғы үш жылдың көлемінде 5500 басқа есептелген 7 ферма бой көтерді. Бұл, бір жағынан, жаңа жұмыс орындарының ашылуы», – деп тоқталды.
Суретті түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
