Қостанайдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «HardChord» вокалды-инструментальды ансамблі Астана қаласында өткен І Халықаралық «Щелкунчик» өнер байқау-фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, байқаудың Гран-при жүлдесіне лайық деп танылды.
Байқау барысында «HardChord» ансамблі көрермен мен қазылар алқасының ықыласына бөленіп, әртүрлі музыкалық бағыттағы күрделі шығармаларды орындау арқылы өздерінің кәсіби шеберлігін айқын көрсетті.

Ансамбль репертуарында лирикалық мазмұндағы заманауи әндер, авторлық вокалдық туындылар, әлемге танымал рок композициясы, сондай-ақ ұлттық рухты асқақтататын күй орын алды.
«Шәкірттерім адам жанының терең сезімдерін бейнелейтін әсерлі лирикалық туындыны, жалғыздық пен ішкі толғанысты жеткізетін заманауи әнді, жарқын көңіл күй мен өмірге құштарлықты паш ететін әуенді жоғары деңгейде орындады. Сонымен қатар әлемдік рок музыкасының үздік үлгілерінің бірі тыңдарманға ерекше әсер сыйлады. Ұжым ұлттық құндылықтарды ұлықтаған, елдік рух пен тарихи сананы оятатын «Ер Тұран – Алаш аманат» күйін орындау арқылы өнерлерінің мазмұндық тереңдігін толықтыра түсті», – дейді Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Болат Сейтмуратов.
«HardChord» ұжымы сахна мәдениеті, орындаушылық шеберлік және шығармаларды жан-жақты аша білуімен ерекшеленіп, халықаралық деңгейдегі байқауда мектебіміздің мерейін үстем етті.
