Жаңартылған Тәуелсіздік аллеясында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Менің елім – Қазақстан» атты патриоттар акциясы өткізілді.
Биыл «Арқалық – көмір» ЖШС демеушілігімен «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасының «Көркейе бер, Қостанай» арнайы әлеуметтік жобасы аясында Тәуелсіздік аллеясына тастан ақпараттық стендтер орнатылды. Кәсіпкер осы мақсатқа өзінің 3 миллион теңгеден астам қаражатын жұмсады.
Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаҺармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше белгілер. Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бүкіл халқымызды жұмылдырып рухтандырып тұрады.
Салтанатты іс-шарада акцияға қатысушыларды қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтап, жылы лебізін білдірді. Мемлекеттік туды көтеру құрметі дзюдо күресінен спорт шебері, ҚР 3 дүркін жеңімпазы, Азия кубогының күміс жүлдегері Нұрсұлтан Қабылан мен гір көтеруден әлемдік деңгейдегі спорт шебері, Азия және әлем чемпионатының жеңімпаз-жүлдегері Ростислав Исмагуловқа берілді. Еліміздің Әнұраны салтанатты түрде орындалды.
«Қазақстан Ресупубликасының Рәміздер күніне арналған патриоттық акцияны қала жастарымен бірігіп өткіздік. Көк туымыз көк аспанымызда желбіреп, мемлекетіміздің айбыны арта берсін», – дейді іс-шараны ұйымдастырушы, қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Қожахметов.
Арқалық қаласы