Орталық «Наурыз» алаңы мерекеге сай безендіріліп, қала тұрғындары бас шыршаның жанында Аяз ата мен Ақща қарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды.
Дала сахнасының төрінде театрландырылған қойылым жұртшылық назарына ұсынылды. Қала әкімі Әмірхан Асанов қала тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жыл үздіктерін марапаттады.

«Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін табысты, әрі берекелі жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Халқына Жолдауында айтылған, тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыру жолындағы, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы оң шешімдер халыққа жігер беріп, болашаққа деген сенімін күшейтті», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.
Мемлекет басшысының қолдауының нәтижесінде Арқалық қаласы жыл сайын көркейіп, экономикалық әлеуеті де артып келеді.

Қала бюджеті 2022 жылы 20 миллиард теңге болса, 2025 жылы 30 миллиард теңгеге дейін өсіп, 1,5 есеге артты.
Кәсіпкерлік саласында 2025 жылы 113 жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 1 миллиард 536 миллион теңгеге 6 жоба іске асырылып жатыр.

Арқалық қаласының ауыл шаруашылық тауарын өндірушілері де өздерінің ерік – жігері мен мемлекеттің қолдауының арқасында жемісті еңбектерімен танылып келеді.
Осы ретте қала басшысы Арқалықты тұрғындарға жайлы қала ету жолындағы ортақ іске қолдау білдірген кәсіпкерлерге үлкен алғысын білдірді.
Мұнымен қоса, Президентіміздің тікелей тапсырмасына орай, өңір үшін маңызды нысан – Арқалық қаласы әуежайының құрылысы да басталды. Жаңа жылда қала әуежайынан алғашқы ұшақтар ұша бастайды деп жоспарлануда. Бұл жоба да өз кезегінде қаланың транзиттік әлеуетін арттырып, өңірдің дамуына оң әсерін тигізетін болады.

2025 жыл Арқалық қаласы үшін мәдениет пен спорт саласында да жетістіктерге толы жыл болды. Айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев Елордада өткен «Адамзаттың бәрін сүй!» Республикалық ақындар айтысында «Алтын домбыра» иегері атанып, Торғай жұртын ғана емес, жалпы өнер сүйер қауымды қуанышқа бөлесе, жас спортшы Нұрсұлтан Қаблан күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған қазақ күресінен ересектер арасындағы Әлем кубогының жеңімпазы атанса, Архат Баймурзин Түркістан қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарды.
Сондай ақ, тағы бір танымал спортшы жерлесіміз Торғынбек Әміров жеңіл салмақта Ресей Федерациясындағы RCС Hard лигасының чемпионы атанды.
Осы секілді талантты ұлдарымыз Арқалықтың атын ғана емес, еліміздің абыройын халықаралық деңгейде асқақтатып жүр. Жаңа жыл кешінде ел абыройын асқақтатқан жерлестерімізге қала әкімі тарапынан сый – құрмет көрсетілді.
2026 жыл да Арқалық қаласы үшін маңызды жыл болмақ. Арқалық қаласының құрылғанына 70 жыл, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығы кең көлемде атап өтілмек. Мерейлі мерейтойлар аясында «Торғай әуендері» фестивалін қайта жаңғырту жоспарымыз бар. Сондай ақ, «Ұлы дала жорығы» бәйге марафоны мен Қостанай облыстық спартакиадасы өз туын Арқалықта көтеретін болады.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
