Құмар Ақсақалов: «Қостанай облысы машина жасау жөнінен көш бастап тұр»

Құмар Ақсақалов: «Қостанай облысы машина жасау жөнінен көш бастап тұр»

Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өтіп жатқан баспасөз мәслихатында айтты.

Өңір басшысының мәліметінше, биыл машина жасау саласында жалпы сомасы 312,1 млрд теңге болатын бес ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың ішіндегі басты жоба – осы жылы 21 қазанда пайдалануға берілген KIA зауытының құрылысы.

«Жоба құны – 131,5 млрд теңге. Жылына 74 мыңға дейін автомобиль шығару қуатына ие болады. Кәсіпорында 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың көбі облыстың колледждері мен университеттерін бітірген жастарға тиесілі. Бұл өңірдің кардрлық әлеуетін айтарлықтай күшейтеді, жастар арасындағы жұмыспен қамтылу үлесін арттырады. Жобаларды іске асыру өңдеуші өнеркәсіп көлемдерін 46,5% арттыруға мүмкіндік береді және Қостанай облысының экономикалық өсімінің маңызды драйвері болады», – деді облыс әкімі.

Естеріңізде болса,  Қазақстандағы осынау ең ірі индустриялық жобалардың бірі Мемлекет басшысының қатысуымен телекөпір барысында  іске қосылған еді. Инвестициялардың сомасы шамамен 131,5 млрд теңгеге тең.

«Зауыттағы өндірістік қуат 68 өнеркәсіптік роботты, автоматтандырудың жоғары деңгейін қамтиды. Бұл жоба отандық автомобиль жасаудың дамуындағы, автобөлшектерді оқшауландырудағы маңызды қадам. Жобаны іске асыру Қостанай облысының орнын еліміздегі автомобиль жасаудың негізгі орталығы ретінде нығайтады», – деп толықтырды Құма Ақсақалов.

Айта кетейік, сондай-ақ Қостанайда жеңіл авмотобильдерге арналған автобөлшектер шығаратын жергіліктендіру орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін іске қосылады. Оның ауданы – 30 мың шаршы метр («TEHNOPARK KZ»жауапкершілігі шектеулі серіктестігі). Инвестициялардың сомасы – 17,8 млрд теңге, 800 жұмыс орны ашылады. Ал жылдық қуаты 60 мың жиынтыққа жетеді. Зауыт автомобиль жиынтықтарын жергіліктендірген шығарылымының тізбегінде маңызды бөлікке айналып, импортқа тәуелділікті төмендетеді.