Қаланың бас шыршасының шамын жағу – көпшілік асыға күтетін дәстүрге айналған.
Орталық «Наурыз» алаңында биік шырша бой көтеріп, жанына Жаңа жылдың нышандарын жиған.

Аяз Ата мен Ақша қар, жыл иесі Жылқының мүсіндері мен суреттері, кескіндемелері әсем үйлесімділігін тауып, көрген жанды ертегілер әлеміне жетелейді.


«Жасыл шырша жанында» атты шырша кеші ұйымдастырылып, жыл кейіпкерлері жылы лебіздерін білдірді. Жарқын сәтте жиналған қауымды қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтап, ескі жылдың жайлы болғанын, жаңа жылдан да мол жақсылықтар күтілетінін тілге тиек етті.

«Өтіп бара жатқан жыл біздің қаламыз үшін де оң нәтижелерге толы жыл болды. Қаламыздың инфрақұрылымын жаңғырту, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру, көпқабатты үйлерді жөндеу, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Мемлекет басшысының Арқалық қаласының дамуына деген оң көзқарасының арқасында алдағы жылы да бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.
Шырша шамы жағылып, Арқалық аспанында қала өнерпаздарының күшімен әсем әндер әуеледі.



Жылдағыдан биіктей түскен тау сырғанақ та балақайларды шат – шадыман қуанышқа шақырып тұр.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
