Екінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Қысқы каникул кезеңі 2025 жылдың 29-желтоқсаны мен 2026 жылдың 7-қаңтарын қоса алғанда он күнге созылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Мектеп оқушыларының қысқы демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту маңызды. Осы мақсатта «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында бірқатар іс-шаралар көзделген. Балаларға бос уақытында кітап оқу, музейлерге, көрме залдарына, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсияларға бару, спорттық ойындарға қатысу, коньки, шаңғы тебу, қайырымдылық акциялары және басқа да іс-шараларға қатысу ұсынылады. Мектептерде, қосымша білім беру ұйымдарында бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу ұсынылады», – делінген ресми мәлімдемеде.
Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың қоғамдық қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аудару қажет.
Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.
