Жүз жыл бұрынғы мемлекетімізді құрып, шаңырағын көтерген үркердей үмітті топтың ішінде заңгер-ғалым, аудармашы, публицист, ірі мемлекет қайраткері Сейдәзім Қадырбайдың есімі айрықша. Алғашқы қазақ атты әскер полкын жасақтаған мыңбасы, ту ұстаған аға сардар, ұлттық армиямызды құрған азамат.
Бір сөзбен айтқанда, ағартушы, ХХ ғасыр басындағы қазақтың аймаңдай ұлы – ұлттық бұлқыныс жылдарында отарлық билік езгісінде қалған жұртын қайтсем көгертем, қайтсем де оятамын деген ойдан басқа ойға алданбаған, ұлысына ақысыз-пұлсыз, жан-жүрегімен шынайы қызмет еткен, ұлтты сүюдің айрықша өнегесін көрсеткен байрақты бағлан арыс.
Сейдәзім Қадырбай қазақтың құқық, заң ілімінің қалыптасуына, дамуына үлес қосқан, қазақ тілін заң тіліне айналдырған тұлға. Асылында, Сейдәзім Қадырбай құқық терминдері мен ұғымдарын жүйелеген, түзген әрі сөздігін жасаған лингвист ғалым. Ол 1922-1929 жылдары Қазақ АКСР Әділет Халық Комиссариатының Заң шығару және сот ісін бақылау бөлімінде меңгеруші қызметін атқарды. Әр жылдары «Ақы заңы», «Жер заңы», «Нотариат туралы заң, ереже, нұсқаулар», «Ақылы істерді жүргізу заңы», «Неке, үй-іші және қамқорлық туралы заң» кітаптарын даярлап, терминдерін қазақыландырып, ұлтының кемдігін түгендеп, жыртығын жамаған қайраткер.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде Сейдәзім Құлмағамбетұлы Қадырбайдың құрметіне арналған «Алаш ардақтысы Сейдәзім Қадырбай: тұлғасы, мұрасы, қайраткерлігі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті. Айтулы жиынға отандық алаштанушы, тарихшы, заңгерлер, Парламент депутаттарымен қатар, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елінің ғалымдары шақырылған. Конференцияны ұйымдастыруға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қостанай облысының әкімдігі, Ахаң атындағы өңірлік университет, Әлихан Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институты, «Қыр баласы» қоғамдық қоры мұрындық болып отыр. Әрине, мұндай алқалы басқосуды Астана, Алматы, керек десеңіз, республиканың әр өңірінде өткізуге болар еді, алайда ұйымдастырушылар оны алдымен қайраткердің туған өлкесінде, қызмет еткен Қостанай жерінде қолға алуды ұйғарған екен.
Келелі жиында Алаш қайраткерінің «Ақы заңы» шығармалар жинағы мен балалар мен жасөспірімдерге арналған «Бас» комикс форматындағы «Алаш заңгері» кітапшасының тұсауы кесілді. Түркі халықтарының 37 мемлекетіне тарап отырған түрік тіліндегі «Kardeş Kalemler» журналы бір жолғы санын толығымен Сейдәзім атамызға арнаған екен, конференцияда арнайы таныстырылды. Сонымен қатар, «Сейдәзім Қадырбай» деректі фильмі көрсетілді. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов көрнекті тұлғаның құрметіне ұйымдастырылған шараға өзінің ықылас хатын жолдаған екен.
Жетпіс алты жыл үстемдік еткен кеңестік билік осы ұлттық трагедияны ұмыттырудың барлық айла-тәсілдерін қолданды. Репрессияға ұшырағандар өткен ғасырдың елуінші жылдарында заңды негізде ақтала бастаса да, бұл іске тиісті жариялылық берілмей, жеке іздеушілер мен отбасылық деңгейде бір жапырақ қағаз арқылы хабар берумен шектеліп жатты. Тіпті, кейінгі тәуелсіздік жылдарында да қандай алқалы жиындарда алаш арыстары туралы сөз болғанда, үш адамның атын ғана атап, басқаларын елеусіз қалдырудды машық етіп алдық.
«Бұл әдет біздің жүздеген жазушылардың ішінен үш классикті ғана атайтынымыз арқылы қалыптасқан ба деп ойлаймын. Республикамызда кең етек алған бұл келеңсіздік туралы мен өткен жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Ақкөлден шыққан алыптар» деген мақаламда да айтып өткен едім.
Сейдәзім Қадырбай мен оның соңынан ерген Әлмағамбет Қасымов та атылып кеткен кісілер. Бұл екі алашшыл аталарым туралы зерттеу мақалалары алғашқы рет жазушы-журналист Қайсар Әлім жазды. Ал Сейдәзім Қадырбай жөніндегі екінші мақаланы Гүлнәр Дулатова апамызға өтініш жасап, «Жұлдыз» журналына өзім шығартқыздым. Апамыздың бұл мақаласының түпнұсқасы мен өзіме жазған хаттарының үш-төртеуін көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін», – деді жиынға арнайы келген академик Сәбит Байзақов.
Алаш арысы жайында алғаш зерттеу мақалаларға қалам тербеген – белгілі жазушы-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайсар Әлім.
«Сейдәзім атамыз жайында қаншама ашылмаған құпиялар, деректер бар. Оны зерттеп-зерделеу, тарихқа әділ баға беру – ұлттық мүддемізді қызғыштай қорғайтын баршамыздың қасиетті борышымыз.
Боздақтың аты аталса, құқық, тіл мәселесімен қатар, елдігіміздің мәртебесі алдымыздан шыға келеді. Қайраткердің кешегі айтқан проблемалары бүгінгі күні әлі өзекті. Бұл дегеніміз, ұлт болашағының сол кездегі қаншалықты дәрежеде болғандығын аңғартады. Бұл кісінің есімінің Әлихан, Ахмет, Міржақып, басқа да арыстарымызбен қатар аталуы зор мақтаныш», – деген Қайсар ағамыз университет кітапханасына өзінің бірнеше кітабын тарту етті.
Еліміз егемендік алғалы, ұлттық тарихымызға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алдық. Ал біздің тәуелсіз, демократиялық, замануи мемлекетіміз 1991 жылы емес, 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ құрылтайында құрылған. Оның себебі мынада: «Алаш автономиясы» деп аталғанмен, өзінің дербес саясатын жүргізді, өзінің әскерін жасақтады, құқық қорғау органдарын құрып, тәуелсіз мемлекетке айналды. Ғалымдардың пікір осындай. Сол себепті, Алашорда республика болып жариялағанда, Екінші жалпықазақ құрылтайының хатшысы болған Сейдәзім Қадырбайдың өміріне арналған ғылыми басқосу өте маңызды.
«Әрине, Алаш республикасының тарихы тым қысқа болды, тұрақты мемлекет құра алмағаны себебінен трагедиямен аяқталды. Ақырында Кеңес автономиясын мойындауға мәжбүр болдық. Бірақ, осы екі жылдық қысқа тарихымыз қазақтың саяси санасын, ұстанымын күрт өзгертіп, қазіргі біздің ұлттық санамызды қалыптастыруға зор әсер етті. Біз ХХ ғасыр басындағы тарихымызды жаңаша көзқараспен зерттеуіміз керек», – деді тарих ғылымдарының докторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл.
Еліміз тәуелсіздік алғалы 32, ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асқанына 7 жыл болды. Бірақ әлі күнге рухани сілкінісіміз жоқ. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» рухани-мәдени институтының директоры, С.Қадырбайдың шығармалар жинағын алғаш басып шығарған ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлының пікірі осындай.
«2017 жылы еліміздің бірінші президенті «біз қазір президенттік жүйеден парламенттік басқару табалдырығында тұрмыз» деген болатын. Ал сол парламенттік басқару жүйесін осыдан жүз жылдан астам бұрын енгізуге атсалысқан азамат – Сейдәзім Қадырбай. Осындай ірі тұлға жадымызда мәңгі сақталу үшін оқу орындарына, көшелерге, елді мекендерге есімі берілу керек», – деді С.Аққұлы.
Алаш арысының өзі ғана емес, тұтас әулеті де қуғынға ұшырап, ағайын-туғандары жер ауып, басқа жақтарды паналауға тура келіпті. Боздақтың артында тікелей ұрпағы қалмаса да, інісі Сейдахметтен үрім-бұтақ тараған екен. Осы жолы Жезқазған қаласынан сол Сейдахмет атаның немересі Берікбек Бақытжанұлы арнайы келіпті.
«1938 жылы Сейдәзім атамыз Воронежде атылып кетті. Асқарбек інісі Сейдәзім ағасына жасырынып қару апарып бергені үшін он жылға сотталып келді. Иранбек деген тағы бір інісі де қуғын-сүргінге ұшырап, НКВД-ның құқайын көрді. Бірақ отыз жасында шахтада жұмыс істеп жүргенде мерт болды. Біздің өз әулетіміз көпұлтты саналған Қарағанды қаласына қашып кетті. Ол жерде аты-жөнін ауыстырғаннан ғана аман қалған екен. Әйтпегенде Сейдахмет атам да репрессия құрбаны болар еді», – деді Берікбек Сейдахмет.
Сейдәзім Қадырбай 1917-1918 жылдары Мәскеу, Петербор, Орынбор, Төменгі Жаңақала (Нижний-новгород) Мұсылман құрылтайы мен «Шура-и-Ислам» ұйымының тұрақты мүшесі болған ірі саяси қайраткер. Мүфтият құру мәселесі, шариғат низамы, қазақ салт-дәстүрі мен діни әдет-ғұрыптарды жүйелеген зиялылардың бірі. Торғай облысы қазақтарының құрылтайын ұйымдастырып, Төралқасын басқарған. Тек қазақ халқына ғана емес, ХХ ғасыр басындағы Ресейдегі түркі-мұсылман қоғамының негізгі тұлғаларының бірі. Ал 1918 жылдың 24 маусымында Алаш Орда төрағасы Әлихан Бөкейханның бұйрығымен Алаш мемлекетінің ұлттық Армиясы құрылды. Сейдәзім Қадырбай 1918-1920 жылдары Алашорда әскерінің Торғай бөлімшесін басқарып, атты әскер полкын құрған мыңбасы, ұлттық мемлекетіміздің қарулы күштерінің құрылуына белсене атсалысқан тұлға.
Боздақтың ресми түрде ақталғанына 57 жылдың жүзі болса да, оның ардақты есімін, халқына жасаған қызметін, соңынан қалдырған мол құнды мұрасын танып-білуде өте кенже қалып келе жатқанымыз рас. Асыл арыстың өмірі туралы деректерді қазақ қоғамы араға жылдар салып танып отыр. Алғашқылардың бірі болып «Алаштың топ бастаған серкесі» деп баға берген де Гүлнар Міржақыпқызы болатын.
Сейдәзім Қадырбайды не себепті заманауи ұлттық құқықтық публицистикасының негізін қалаушылардың бірі деп санауға болады әрі оның бұл миссиясына не түрткі болды? Ол 1864 жылы ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептен екі жылға жуық білім алып, үздік бітірген соң, 1901-1905 жылдары Орынбордағы қазақ мұғалімдерін даярлайтын оқу орнын жоғары бағамен аяқтаған. Оқуды тәмамдап, оқытушылық-ағартушылық жолға түспей, құқықтық-саяси бағытты таңдады. Өйткені осы мектепте оқыған шақта Сейдәзім Ресейдің ішкі қалаларынан саяси көзқарасы үшін қудаланған орыстың демократ зиялыларынан сабақ алып, жақын араласып, өз бетінше заң, құқық ілімдерін құмарта оқыған еді. Оған түрткі болған басты себеп, әрине, колонизация қарқынымен келген сол кездегі қазақ халқының басындағы саяси-экономикалық, рухани-мәдени сергелдеңдер болатын. «Мен қазақ зиялысы ретінде халқымның патшалық кезеңде көрген қорлығы мен қанауын сезбеуім және түсінбеуім, әрине, мүмкін емес-ті…» дейді бұл туралы С.Қадырбайдың өзі.
«Тәжірибелі заңгер, құқықтанушы, «Алашорда» үкіметінің 1917 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған Жарғы (Қазақ автономиясының тұңғыш Ата заңы) авторларының бірі, «Ұлттық кеңестің» мүшесі Сейдәзім Қадырбайдың күрескерлік өмірін суреттейтін қасиеттері – кәсібилік, табандылық, жанашырлық, қайсарлық, әділдік, тәртіпсүйгіштік, хұқық үстемдігін дәріптеу, біліктілік және іскерлік. Оның кәсіби шыңдалып, заң саласының майталманы болуына атқарған қызметтердің мол тәжірибесі де зор әсер еткені анық. 1922-1929 жылдар аралығында Қазақ АКСР Юстиция Халық Комиссариатының Сот құрылысы және бақылау бөлімінің меңгерушісі, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, Наркомюстта (қазіргі Әділет министрлігі) жауапты қызмет атқарған. С.Қадырбай әр жылдары аударып және қазақы дүниетанымға орайластырып жазған, отандық құқықтану ғылымының негізін қалаған бірқатар мұралары біздің күнге жетті», – дейді PhD ғылым докторы Алма Сайлауқызы.
2025 жылы қайраткердің 140 жылдық мерейтойы. Сол атаулы күн алдында алаштанушылар тарихтың тасасында қалған тұлғаны мінберге шығарып отыр. Алдағы уақытта Сейдәзімнің өмірі мен шығармашылығы, қайраткерлігі түркітілдес ғалымдардың зерттеуіне жол ашады деген сенім мол. Ал биыл асыл тұлғаның атылғанына 85 жыл. Белгілі алаштанушы жас ғалым Елдос Тоқтарбай «Сейдәзім өлген жоқ, ол халқымен бірге мәңгі жасай береді» деді.
Қиынды 1
Сұлтан Хан Аққұлы:
«Қостанай өңірлік университетінің маңдайшасында әлі күнге «Байтұрсынов» болып жазылып тұр. Бұл атау қашан «Байтұрсынұлы» болып өзгереді?
Сейітбек Қуанышбаев, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ ректоры:
«Бұл күн тәртібінен түспеген мәселе. Құжаттарды министрлікке тапсырып қойдық. Арнайы қаулыны күтіп отырмыз. Шешім шыққан күні маңдайша жазуын өзгертетін боламыз».
Қиынды 2
Алма Сайлауқызы:
«Алаш зиялыларының 25 маусымдағы патша жарлығына қатысты пікірлері туралы А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Тұнғаншинмен бірге жариялаған «Торғай һәм ырғыз уезінің халқына», «Жел оңынан шықтыға жауап», «Шорай Ислам» ұйымының құрылғандығы туралы жазған мақалаларға қарап, С.Қадырбайды қаламы қарымды публицист, құқықтанушы журналист деп баға беруге толықтай негіз бар. Бұл еңбектер (заңнамалық актілер, құқықтық құжаттар мен публицистік мақалалар) бірнеше миссияны атқарды дей аламыз. Олар Кеңес өкіметі саясатының ерекше мәнін бейнелейтін заңдарды жергілікті халыққа тәржімалап жеткізу, халық арасындағы қылмыстың алдын-алу; сауатсыз халықты құқықтық қорғауға тәрбиелеу, қазақтың сот қызметкерлерінің ана тілінде сөйлеп, қызмет етуін қамтамасыз ету, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң үстемдік ететін құқықтық азаматтық қоғамның іргетасын бекіту».
Қиынды 3
Батырлан Сағынтаев, Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми қызметкері:
«Сейдәзімнің аталары Қадырбай, Әлімбай Байғозыұлдары Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілісті қолдаушылар ретінде көрсететін тарихи құжаттар сақталған. Демек Сейдәзімнің ұлтқа қызмет етуге деген ұмтылысы оның қанында бар. Алдыңғы бабалары салған даңғыл жол, өнегелі үлгімен жүрген ол Алаш ұлт-азаттық қозғалысына ең алғашқы күнінен бастап қатысқан. 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхаты» тілек-арызына қол қойған 12747 қазақ оқығанының бірі. Алаш идеясының қалыптасуы мен дамуына, ел ішіне таралуына сүбелі үлесін қосқан азамат».
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ