Елорда төрінде «WorldSkills Kazakhstan 2025» чемпионаты өтті. Осымен оныншы рет ұйымдастырылған Ұлттық байқауда біздің жақтан 42 колледж студенті бақ сынап, кәсіби шеберліктерін көрсетті. 38 оқытушы сарапшы ретінде қатысты.
Байрақты байқауда облыс құрама командасындағы 14 колледж, 2 жоғары оқу ордасының студенттері мен мектеп оқушысы және сарапшылар 38 құзыреттілік бойынша облыс намысын абыроймен қорғады.
Үш күнге созылған бәсекелі байқауда Қостанай құрама командасы 19 медаль мен медальонға қол жеткізді. Талапты шәкірттер 4 алтын, 2 күміс, 7 қола жүлде және шеберлігі үшін 6 медальон иеленді.
Сөйтіп жалпы командалық есеппен 8-ші орынға көтерілді. Өткен жылы 12-ші орында болған. Бұл жетістік қатысушылар мен жетекшілердің,сарапшылар мен өңірде WorldSkills қозғалысын алға жетелеп жүрген барша жерлестеріміздің үлкен жеңісі.
Айта кетейік, чемпионат қарсаңында WorldSkills қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, Парламент Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков облыс құрамасымен кездесу өткізіп,қатысушыларға жігер беріп жеңіске жетуіне тілек білдірген еді.

Біздің талапты студенттердің бағындыратын белесі биік, алар шыңы асқақ. Келесі жылы жалпыкомандалық есепте биылдан да жақсы көрсетуді мақсат тұтамыз. Оған жетуге дарынды жастар мен өндірістік әлеуетіміз бар.
Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын үлкен жетістікпен, таудай табыспен аяқтап отырмыз. Шын жүректен құттықтаймын. Біз Сіздерді мақтан етеміз! Жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістерге жете беріңіздер.
Бақытжан Нарымбетов,
Қостанай облысы әкімінің орынбасары
