Ұлттық рухтың ұстыны

Ұлттық рухтың ұстыны

Көк байрағымызды үйде, балконға ілуге ресми түрде рұқсат берілген. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесіне толықтырулар осыдан үш жыл бұрын енгізілген еді.

Ту, елтаңба, әнұран – еліміздің егемендігінің нышаны. Бойымызға жігер, ойымызға сенімділік сыйлайтын қасиетті бойтұмарымыз. Мемлекеттік гимн шырқалғанда көңіл толқып, туымыз бен елтаңбамызды көргенде ерекше бір мақтаныш сезімі алаулайтыны бекер емес.

Әрбір қазақ баласы рәміздердің қадір-қасиетін жете түсінуге тиіс. Бұл тұрғыда Қостанай ауданы Заречный жалпы білім беретін мектебін айрықша атап өтуге болады. Білім беру ошағы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру ісіне ерекше мән береді. Оқу жылының соңына дейін патриоттық тақырыпта ашық сабақтар өткізіп, үйірмелер ұйымдастырады. Соның арқасында оқушылар ту, елтаңба, әнұранның тарихын, авторларын жаттап өседі.

– Бала тәрбиесіндегі ең басты бағыт – ұрпақты отаншылдыққа баулу. Әр адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы екенін түсінуі керек. Осы ойды ұрпақ санасына сіңірумен келеміз. Елге деген махаббат – мемлекетіміздің рәміздерін құрметтеуден басталады, – дейді Заречный жалпы білім беретін мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Әлия Ахатова.

Алғашқы әскери даярлық пәнінің оқытушысы Дәурен Тұрмышовтың тәрбиелеген отансүйгіш шәкірттері облыстық, республикалық слетке қатысып, жүлделі орындар алып жүр.

– «Жігер» әскери патриоттық клубының жетекшісімін. Сабағымызда, үйірме жұмыстарында да мемлекеттік рәміздер міндетті түрде бірінші орында тұрады. Ұлттық нақышпен өрнектелген туымызда қалықтаған қыран, жарқыраған күн мен оның 32 шапағы, бәрі бір-бірімен астасып жатыр. Ондағы 32 шапақтың мәні – тәуелсіздік алған жылдары елімізде саны мыңнан асатын осынша ұлттың өкілдері болғанының белгісі. Екіншіден, түркі тайпаларында 32 одақтық құрылымның болуында. Балаларға осыны үнемі түсіндіріп жүремін, – дейді Дәурен Тұрмышов.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Көк туымыз бейбітшілік көгінде мәңгі желбіреп, әнұранымыз әлемдік ареналарда шырқала берсін деп тілейміз. Ал, елтаңбамыз төрімізден түспесін!

 

Суретте: Заречный жалпы білім беретін мектебінің оқушылары.

Жаңалықтармен бөлісу