Түзету мекемесінде екі бірдей өндіріс алаңы ашылды

Түзету мекемесінде екі бірдей өндіріс алаңы ашылды

Қостанайдағы №38 мекеме аумағында екі жаңа модульдік өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды. Жылдам тұрғызылған нысандардың  жалпы аумағы 900 шаршы метрді құрайды.  Әрқайсысы 450 шаршы метр аймақ толықтай пайдалануға берілді. 
Бұл бастама – өңірдегі түзеу жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайту және сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеудің тиімді құралдарының бірі. Мемлекет басшысының құқық қорғау жүйесін жаңғырту және жазасын өтеушілерді еңбекпен қамту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Жаңа өндірістік алаңдарда жұмысын бастауға дайын бірқатар ірі кәсіпорындар орналасады. Яғни, ДМП панельдерін дайындау, корпустық және жұмсақ жиһаз өндіру, брусчатка шығару ісі қолға алынбақ. Сондай-ақ биг-меш қаптары мен жеңіл құрылыс панельдерін де жасайды. Фин технологиясы бойынша құрастырмалы-қаңқалы үйлерге арналған құрылыс элементтерін де өндірілмек.

Жобаның іске асуының нәтижесінде 150 сотталған адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл олардың кәсіби дағдыларын дамытуға, әлеуметтік бейімделуіне және бостандыққа шыққаннан кейін еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді.

Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері – Қостанай облысы әкімдігінің аппарат басшысы Мұрат Сандыбаев, мәслихат төрағасы Сайлаубек Ещанов, қоғамдық байқау комиссиясының депутаттары, ҚАЖ ардагерлері мен қызметкерлері, сондай-ақ серіктес кәсіпорындардың басшылығы қатысты.

Ашылған нысандар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, сотталғандарды еңбекке тарту арқылы оларды қоғамға қайта бейімдеу жұмыстарының тиімділігін күшейтеді деп күтіледі.

Сандуғаш БЕКМҰРАТ
ҚӨУ студенті