Қостанай ауданында пиротехникалық бұйымдар бақылауға алынды

Қостанай ауданында пиротехникалық бұйымдар бақылауға алынды

Қостанай ауданы аумағында пиротехникалық бұйымдардың заңсыз сатылуы мен қолданылуын алдын алу мақсатында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталып кетті. Бұл туралы аудандық полиция бөлімі хабарлады.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері сауда орындарында, базарларда және пиротехникалық өнімдердің рұқсатсыз сатылуы мүмкін орындарда рейдтік тексерулер ұйымдастырылмақ.

«Ерекше назар қауіпті, сертификатталмаған бұйымдардың сатылуы мен олардың кәмелетке толмағандарға таралуын анықтауға аударылады. Полиция пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Сапасыз немесе тыйым салынған өнімдерді пайдалану жарақаттарға, өртке және өзге де ауыр салдарға әкелуі мүмкін», – деп хабарлайды аудандық полиция бөлімі.

Аудан тұрғындарын қырағылық танытып, заңсыз сауда фактілері туралы хабарлауға және пиротехникалық бұйымдарды тек рұқсат етілген орындарда, нұсқаулыққа сәйкес пайдалануға шақырады.

Жедел-профилактикалық іс-шарасы 2026 жылдың 3 қаңтарына дейін жалғаспақ.