“Алтынсарин жұлдыздары” марапатталды

“Алтынсарин жұлдыздары” марапатталды

Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп гимназия-интернатында “Алтынсарин жұлдыздарының шеруі — 2023” марапаттау іс-шарасы өтті. Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша 93 оқушы марапатталды.
Қазақстанның қарқынды дамуы және әлемдегі экономикасы озық елдердің қатарынан көрінуі — сапалы білімнің арқасы. Елімізді жаһанға танытуда ойы ұшқыр, білімі терең окушының орны белек. 139 жылдық тарихы бар, балалардың дарындылығын шыңдап келе жатқан оқу ордасында үздіктер қатары азайған емес. Аталмыш білім ошағы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақерке Қасыбаеваның айтуынша, дарынды оқушылардың қарасы жылдан-жылға көбейіп келеді.


— Біздің оқушылар облыс көлемінен бөлек, республикалық деңгейде де жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Соған орай дарынды оқушылардың қабілеттерін шыңдау мақсатымен түрлі үйірме, арнайы клуб жұмыс істейді. Бүгін Ы. Алтынсарин атындағы гимназия-интернат мектебінде өткен іс-шарада оқушылармен қатар ұстаздар да марапатталды. Олар жыл бойына белсенді болып, жоғары дәрежеде өздерін көрсете білген болатын. Бұл марапат 5 жыл қатарынан беріліп келеді, — дейді А. Қасыбаева.

Қостанай қаласы бойынша мектеп оқушыларының таланттарын ұштау үшін көптеген іс-шара, байқаулар ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Сайыстарда оза шығып, алдыңғы қатардан көрінген оқушылардың есімдері қалаға белгілі. Сондай оқушының бірі Камила Қуаныш. Ол 4 олимпиадаға қатысып, 2 мәрте бас жүлдені иеленген.


— Қаламыздағы, әсіресе, өзім оқитын мектептегі ұстаздардың білім беруі, олардың оқушымен қарым-қатынасы ерекше ұнайды. Мен биыл 11 сынып оқимын. Бұйырса ағылшын тілі, яғни аудармашы мамандығын оқығым келеді. Қазір мұғалімдерден көптеген тапсырма алып, дайындалып жүрмін. “Алтынсарин жұлдыздары” 2-3 олимпиадаға қатысқан оқушыларға беріледі. Мен жалпы саны 4 олимпиадаға қатысып, екі рет бас жүлде, екі мәрте үшінші орын иегері атандым, — дейді Камила Қуаныш.

Жанболсын ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ,
А. Байтұрсынов атындағы ҚӨУ журналистика мамандығының 2 курс студенті.
Суреттерді түсірген Б. МЕЙРАМҰЛЫ.

Жаңалықтармен бөлісу