Қарт ана неге қамықты?

Қарт ана неге қамықты?

Өткенде редакциямызға Мариям Есжанова есімді 80 жасқа таяған кейуана келді. Жәй келмей базынасын айта келді. Қарт ана Қостанай қаласының байырғы тұрғыны. Он жылдан астам уақыт үй кезегінде тұрып, ақыры үкіметтен баспана бұйырған екен. Бірақ, ананың көңілінде бір алаң бар. Іштегі ойын бізге айтып «Не істемек керек?» деген сауалын жолдады. 

Мәселенің төркіні пәтерде болып тұр. Ол кісі мемлекеттен пәтер алу үшін жылдар бойы үй кезегінде тұрған. 2025 жылғы тамыздың басында, жобамен 27 шілдеде Қостанай қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының шешімімен Береке шағын ауданы 49-үйден су жаңа 2 бөлмелі пәтер беріледі.

Жергілікті комиссия өкілдерінен пәтер кілтін алысымен бірден көшіп барады. Өкінішке қарай дейміз бе әлде бұйырғаны сол ма, әлгі пәтер  алты қабатты үйдің ең соңғы, үстіңгі қабатында орналасқан екен. Ол жерде жеделсаты деген мүлде жоқ көрінеді.

«Пәтердің 6-қабатта орналасқанын кейін білдім. Кілтті қайтып тапсыратын болсам, қайтадан кезекке тұру керек. Онсыз да бұл қуанышты ұзақ күттім. Сондықтан көндігуден басқа амал жоқ. Екі күннің бірінде емханаға барамын. Жасы келген адамға алтыншы қабатқа міну, одан төмен түсу оңай емес. Екі тіземде протез. Аяғым ауырады, таяққа сүйеніп жүремін. Әу баста тұрғын үй комиссиясына шағымымды жеткізгенмін. Олар «Біз ештеңе білмейміз. Әкімдік кілтті берді. Біз сіздерге табыстадық» дегеннен әрі аспады. Үйдің іші жылы, басқа кінә артпаймын. Пәтердің 6 қабатта орналасқаны қолайсыз болып тұр», – дейді әжей.

Әжейдің әңгімелеп отырғаны жергілікті әкімдік кезектегі азаматтарға үлестірген арендалық үй. Кейіпкеріміз пәтерге ай сайын 13 мыңнан төлеп отырғанын айтты. Коммуналдық қызметтердің шығынына бөлек есептеседі. Қарт ана жалғыз өзі тұрып жатқаны да қосты. Қызы Астана қаласына жұмыс істеуге кеткен. Аңда-санда келіп, әжейдің жағдайын жасап тұрады.

Енді не істемек керек? Жоғары қабаттағы пәтерді төменгі қабаттағы пәтерге алмастыруға болар ма? Болса, қалай? Кімге хабарласу керек? Жолы қайсы? Сан сауалға жауап іздеу мақсатында Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөліміне ресми хат жолдадық. Аталған мекеменің басшысы Ғабит Бектабановтың жауабы да тиді қолымызға.

Ресми хаттың қысқаша мазмұны мынадай:

blank

«Қостанай қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының шешімімен қала тұрғыны М.Есжановаға Қостанай қаласы Береке шағын ауданы 49- үйден 2 бөлмелі пәтер берілді. Отбасы құрамында өзі және қызы, екі адам деп көрсетілген. Сондай ақ, тұрғын үй комиссиясының аталған отырысында бөлуге жататын төменгі қабаттарда орналасқан пәтерлер болмағанын хабарлаймыз. Егер, М.Есжанова аталған пәтерді алудан бас тартар болса ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспананы күтуді жалғастыра беретін еді. М.Есжановаға ұсынылған пәтер заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылды деп есептейміз. М.Есжанованың өкілі – Д.Наурызбаева тұрғын үй комиссиясына өтініш тапсырған кезде денсаулығына және қандай да бір созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратыны жөнінде ешқандай ақпарат ұсынбаған. Заңның 98-бабы 2 тармағына сәйкес аталған азаматтарға берiлген, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына берiлген тұрғын үйдi жергiлiктi атқару органының келiсiмiмен басқа тұрғын үйге ауыстырылуы мүмкін екенін хабарлаймыз», – делінген.

blank

Ендеше, тұрғын үй қатынастары туралы заң бойынша  әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың өздері тұрып жатқан пәтерді бірінші қабатқа айырбастау мәселесі қарастырылады деген сөз.

Қолайлы пәтерге ауыстыру үшін әжей денсаулығына қатысты қосымша құжатты аталған мекемеге тапсырып, әрі қарай заңнама талабы бойынша әрекет етуі тиіс. Ресми органнан алған жауапты кейіпкерімізге хабарлап, түсіндірдік.

Ендігісі заң талаптарын орындап әрі қарай қимылдау. Бұл оқиғадан әркім өзіне қажетті ой түйеді деген үміттеміз. Үй кезегіне тұрарда денсаулығыңызға қатысты немесе қандай да сырқатыңыз жайында медициналық мәліметті қоса тапсырғаныңыз жөн.

Қымбат ДОСЖАНОВА