Қостанай облыстық «Қазақстанның Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің филиалы «Өзіңе тиесілі нәрсе үшін төлеме!» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Басқосу барысында тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесі сөз болды. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері, қоғам белсенділерінің жемқорлыққа қарсы күрестегі рөлі, сондай-ақ мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайту жолдары талқыланды.
Қатысушылар пікір алмасып, ашық форматта қоғамды алаңдатқан сұрақтарды көтерді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының әкімшілік және кадрлық жұмыс жөніндегі бас маманы Азамат Айтмағамбет денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған кешенді жоспарлар жайында әңгімеледі. Бұл жоспар әкімшілік бақылауды күшейту, құқықтық сауаттылықты арттыру, кадрлық тәртіп пен кәсіби этиканы нығайту сияқты маңызды бағыттарды қамтиды.
«Медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері мен директорларымен тұрақты түрде кеңестер өткізіледі. Отырыстарда коррупциялық тәуекелдер талданып, алдын алу жұмыстарының тиімділігі қаралады. Әр басшы өз ұйымындағы ахуал үшін жеке жауапты. Әр мекемеде басқарманың «сенім телефондары» қолжетімді жерде көрсетілген. Бүгінде барлық медициналық мекемелерде комплаенс-офицерлер жұмыс істейді.
Олардың міндеттері де жоғары», – деді ол.
Жиын барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының жетекшісі Батырхан Оспанов тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың туындау себептеріне тоқталды.
«Тұрмыстық коррупция көбіне жұмыс орнындағы қызметтік этиканың сақталмауынан бастау алады. Бізге ұжым ішіндегі келеңсіз жағдайларға қатысты шағымдар өте көп түседі. Олардың арасында қызметкерге негізсіз қосымша жұмыс жүктеу, жеке тұлғаға тіл тигізу, тіпті жалған қызметкерді тіркеу сияқты деректер бар», – деді ол.
Маманның айтуынша, мұндай фактілер тек еңбек тәртібін бұзып қана қоймай, жалпы мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан әрбір мекемеде этикалық нормаларды сақтау, ішкі бақылауды күшейту және басшылардың жауапкершілігін арттыру – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда маңызды қадам саналады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
